Бүгін Астанада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердің елорданың 20 жылдығына орай тарту еткен бірқатар нысандарының тұсауын кесті. Солардың бірі - 240 орындық «Алматы» балабақшасы болды. Елбасы бүлдіршіндердің ата-аналарымен кездесіп, кішкентай бөбектермен шүйіркелесе әңгімелесті деп жазады NUR.KZ.
Астананың 20 жылдығына орай аймақтардың тарту ретінде ұсынған айтулы нысандарынының тұсау кесу рәсімі толастар емес. Бүгін президент елордада «Алматы» балабақшасының тұсауын кесіп, бөбектер мен олардың ата-аналарына сәттілік тіледі.
«Астана өздеріңіз куәсіздер, күннен күнге көркейіп келеді. Солардың ішінде мынадай әлеуметтік маңызы бар нысанның бой көтеруі - айтулы шара деп білемін. Мына кішкентай бүлдіршіндер біздің болашағымыз. Келешекте елдің тұтқасын ұстайтын азаматтар осылар болады. Сондықтан барлықтарыңызды құттықтаймын, еліміз дамып, көркейе берсін!», - деді Назарбаев.
Бір қуантарлығы хан сарайындай балабақшаның іші-сырты ұлттық нақышта безендірілген. Балабақша Алматы қаласының Астананың 20 жылдығына арналған тартуы болғандықтан, оның іші-сыртында әсем Алматының басты символдарының бейнесі көрініп тұрды.
Айта кетейік, балабақшадағы бөбектер тобының атаулары да Алматының басты «брэндтерінің» атымен аталмақ. Мәселен, оларға «Алатау», «Медеу», «Шымбұлақ», «Көктөбе» Үшқоңыр деген тағы басқа атаулар берілмек.
Тіпті, балабақша бөлмелеріндегі кілемдерге дейін оңтүстік астананың бас символдары бейнелеген. Онда «Қазақстан» қонақүйі, «Достық» даңғылы деген жазбаларды анық көруге болады.