04.07.2018, 09:48

Есік қаласында ер адамды бір топ жігіт ұрып өлтірді

Алматы облысы Есік қаласында 43 жастағы ер адам кісі қолынан көз жұмды. Марқұмның жары Назира Қиятова күйеуін мерт қылған қандықол қылмыскерлердің әлі де еркіндікте жүргеніне наразы деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы оқиға 19 маусымда Есік қаласында «Сәттілік» дүкенінің маңында болған.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Төрехан Мұхтаров болған оқиғаны баяндап берді.

«Таңғы 3 шамасында Мұхит Оспанов өзінің бажаларымен дүкен жанында әңгімелесіп тұрған. Сол сәтте оларға бір топ жігіт жақындап келіп, арасында біреуі темекі сұрайды. Бір рет сұрағанда Мұхит темекі берген, екінші рет сұрағанда «ана дүкеннен ал» деп жауап қайырған. Сол сәтте олардың бірі Мұхитты бір ұрып құлатады. Ары қарай төбелес болған. Мұхиттың қасындағылардың көпшілігі қашып кеткен. Мұхит соққыдан есін жиып тұрамын дегенде тағы бірнеше рет ұрған, басынан тепкілеген, бөтелкелер лақтырған. Видеосы бар», - деді Төрехан Мұхтаров.

Қорғаушының айтуынша, 19 маусымда ер адам ауыр халде жансақтау бөліміне түсті.

Дәрігерлер оған маңдай сүйегі, қол-аяғы сынған деген диагноз қойды. Маңдайынан соққы тигендіктен, миына қан кеткен. Ер адам 3 күн комада жатып, 21 маусымда көз жұмды.

Марқұмның туыстары мен достары келесі күні әлгі дүкеннің қоймасынан күдікті жігіттердің бірін ұстап алған.

Қазір сол күдікті Есік қаласында қамауда отыр. Күдік туғызған тұлғалардың барлығы 20-30 жастың аралығындағы жастар.

Бірнеше күн бұрын Мұхиттың туыстары жетісін берді. Марқұмның артында қарт ата-анасы, әйелі, 4 баласы қалды.