12.07.2018, 03:23

Шымкенттік қыз-келіншектерге 10 миллион теңгеге дейін несие беріле бастады

Шымкенттік қыз-келіншектер 10 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. Кредиттеудің жаңа бағдарламасын нәзік жандыларға «Қазақстан Халық Банкі» АҚ ұсынып отыр деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл бастама «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Сала мамандары шым шаһар тұрғындарына жаңа бағдарламаның талаптарын таныстырды. Оған сәйкес, аталған банк әйелдерді, олардың стартап жобалары, айналым капиталын қаржыландыратын болады. Несиенің жылдық пайызы да тиімді, небәрі 5 пайызды құрайды.

Мамандардың айтуынша, 10 миллион теңгеге дейінгі несиеге жыл соңына дейін кем дегенде 100 адам қол жеткізуі тиіс. Банк өкілдері болса қомақты қаражат кез келген салада жүрген қыз-келіншектерге берілетінін айтып отыр.

«Кәсібін жүргіземін деген қыз-келіншектер арыздарын өңірлік Кәсіпкерлер палатасына өткізе алады. Біз оларды қабылдап, қолдау көрсетеміз. Атап айтқанда «Халық банкке» дейін соларды сүйемелдеп, несие алғанға дейін көмектесеміз.  Осындай өтініштерді нәзік жандылар «Халық банкке»  де тікелей тапсыра алады»,- дейді Түркістан облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Данияр Дәрмен.