$ 494.87  520.65  4.91

800 қазақстандық азамат көлігінен айрылды

Астанада күтпеген жерден көлігінен айырылған жүргізушілер машиналарын әлі қайтара алмай қиналып жүр. Салықшылар олардың көліктерін арнайы тұраққа қамап тастаған.  Өйткені, Моңғолиядан жеткізілген темір тұлпарлар Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен болып шықты.  Бірақ, мұндай былық автомобильдер  қолдан-қолға өткен соң бір-ақ белгілі болып отыр деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Алаяқтарға алданған азаматтар бұл. Қолдарында техпасорттан бастап, машинасының барлық құжаттарын ұстап жүр. Бірақ, көліктің өзі жоқ. Темір тұлпарынан айырылып қалғандардың бірі - Талғат Абаев. Жігіт ағасы, кореялық машинаны екі жыл бұрын Астанада 3,5 миллион теңгеге сатып алған екен. Бірақ, уақыт өте келе оны салықшылар әй-шайсыз тартып алған.

"Бұны біз де , өздері де түсінбей отыр. Мен білмеймін әдейі істеп отыр ма? Өйткені, міне заң бойынша тіркелген, өзіміздің көлігімізді жеке меншік, оған ешкімнің құқы жоқ алып қоюға. Аларда ең қызығы тексерістен өттік, "Цон"-нан өттік бәрі "таза" деді. Содан кейін ғана рәсімдедік біз бұл машинаны", - дейді Астана қаласының тұрғыны Талғат Абаев.

Сөйтсе, үш-төрт жыл бұрын Моңғолиядан Ресей арқылы әкелінген көліктер елімізге заңсыз кіргізілген екен. Яғни, шекарадан өткенде баж салығы төленген. Осылай құйтұрқы жолмен алаяқтар Қазақстанға бас-аяғы мыңға жуық көлікті кіргізіпті. Кейін жалған құжат жасап барлығын жаппай сатқан. Бір қызығы мұндай былық көліктер қолдан-қолға өтіп, бірнеше қожайыны ауысқан соң бірақ белгілі болып отыр. Сөйтіп, Мемлекеттік кіріс департаментіндегілер көліктерді ұстап жаппай тұраққа қамап жатыр.

"Заңбұзушылықтарды білген болса, сол кезде шекарадан өткен кезде, немесе тіркеуден өтіп техпаспортты берер кезде құзырлы орындар қайда қарады? Сондықтан олардың маңдай тер ақыларымызбен алған заңды көліктерімізді тәркілеп алу құқы жоқ", - Астана қаласының тұрғыны Айдын Оқаұлы.

Айдын секілді 800 адам көлігінен осылай айырылып отыр.

Осылай бірнеше күннен бері тұраққа қойылған көліктерін қайтара алмай қиналған жүргізушілер құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып жүр. Бүгін әділдік іздеп, Бас прокуратураға да келді. Бірақ, ондағылар мардымды жауап қатпады. Ал, Мемлекеттік кіріс комитетіндегілер болса, көлікті қайтарып алуға болады дейді. Бірақ, ол үшін әркім бір миллион теңгеге дейін баж салығын төлеуі тиіс.

"Заң бойынша 30 күннің арасында салық бажы мен төлемдерді төлеуі керек. Ақшаларын бермесе, оны біз мемлекет меншігіне тартып аламыз", - дейді ҚР Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмрин.

Ал, басы бәлеге қалған жүргізушелер болса, бір тиын да төлемейміз деп отыр. Айтуларынша, баж салығын көлікті шекарадан заңсыз өткізгендер төлеуі тиіс. Сондықтан кінәлілерді тауып, соларды жазалау керек дейді. Қазір барлығы темір тұлпарларын өздеріне қайтару үшін сотқа арызданып қойған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары