$ 447.4  477.55  4.76

Астанада қайтыс болған жас анаға қатысты жаңа мəліметтер шықты

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көз жұмған жас анаға қатысты жаңа мəліметтерді ұсынды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жағдай биыл орын алған төртінші оқиға. 15 шілде күні Астана қалалық №2 перинаталдық орталығына 34 жастағы жүкті əйел түсті. Ол 16 шілде күні табиғи жолмен босанды. Босағаннан кейін сол күні сағат 09:25 шамасында келіншектің жағдайы күрт нашарлады. Біздің перинаталдық орталық, Ана мен бала орталығы, сол сияқты Кардиохирургия орталығының білікті мамандары дер кезінде тиісті шараларды қабылдап, қолдан келген жағдайды жасады. Өкінішке қарай, оны құтқара алмай, осындай оқиға орын алды. Балаға келсек, қыз бала дүниеге келді. Нəрестенің жағдайы жақсы жəне ол қазір перинаталдық орталық дəрігерлерінің толық қарауында», - деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Гүлназ Досмырзаева.

Сонымен қатар бас акушер-гинеколог көз жұмған əйелдің диспансерлік есепте болғанын жəне орын алған оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, нəтижесі комиссия жұмысынан кейін анықталатынын айтты.

16 шілде күні елордадағы №2 перинаталдық орталықта жас ананың қайтыс болғаны туралы жазған болатынбыз. Бұған дейін маусым-шілде айларында елордадағы №1 перинаталдық орталықта үш әйел көз жұмған еді. Осыған байланысты аурухана жүкті әйелдерді қабылдауды уақытша тоқтатқан болатын. Кейін орталық штаттық режімде жұмысын қайта бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары