Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғыны Сұлтанмұрат Иманов бүгінде тоқал мен бәйбішені айқай-шусыз қалай жарастырып отырғанын әңгімеледі. Алғашында бір-бірін қызғанған екеу кейін тату-тәтті аралас-құралас боп кетіпті.
«Дильярамен 2006 жылы үйлендім. Ол кезде жасым 22-де еді. Бүгінде ол маған 2 қыз, 2 ұл бала сыйлады.
Оған екінші әйел алатынымды айтқанымда қарсы шықты. Кейін көнді әйтеуір. Екінші келіншегім де солай», - дейді Төле би ауданының тұрғыны.
Сұлтанмұрат Иманов бәйбішесінен 4, тоқалынан 6 жас үлкен екен.
2 әйел 2 үйде тұрып жатқанымен бір ауылдың ішінде. Отбасылық жиын, той болғанда олар бір үйдің қызындай қонақтарға қызмет көрсетеді.
«Басында қызғаныш болды. Кейін түсінісіп кетті. 2 үйге кезекпен барамын. 1 күн бәйбішеммен қалсам, 2-күн тоқалыммен боламын», - дейді Сұлтанмұрат.
Ал отағасының аузынан тоқал алу жайлы сөзді естігенде бәйбіше шошып қалғанын жасырмайды.
«Алғашында өзімді өте нашар сезіндім. Келіспедім. Кейін 4 балам үшін амалсыз көндім. Қазір түсінісіп кеттік. Бірге қонақ күтеміз», - дейді әйелі.
Сұлтанмұраттың анасы ұлының шешімімен алғашында келіспеген.
«2 ұлым бар. Сұлтанмұрат тұңғышым. Екінші ұлым Астанада жұмыс істейді. Алғашында қарсы болғаным рас. Қазір Құдайға шүкір бірінші әйелінен 4, екіншісінен 1 қыз бала бар», - дейді Сұлтанмұраттың анасы.
Түркістан тұрғыны тоқал алу арқылы демографияға үлес қоса алатынын айтады. Сондай-ақ әр бала дүниеге келген сайын оның денсаулығы да жақсара түседі екен.
Дереккөз: NUR.KZ