«Павлодар – Астана» бағытындағы тас жолда жүк көлігі толығымен жанып кетті деп жазады pavlodarnews.kz. Бұл туралы облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі мәлім етті.
«20 шілде күні сағат 23.37-те кезекшілік бөліміне көліктің отқа оранғаны туралы хабарлама келіп түсті. Тілсіз жауды ауыздықтауға № 32 өрт сөндіру бөлімінен үш адам мен бір техника жұмылдырылып, сағат 00.15-те толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», - дейді ведомствода.
Департамент мамандарының айтуынша, Павлодардан Астанаға қарай бет алған көлікте 1,5 тонна бал тиелген. «Кочевник» дәмханасының жанындағы ашық аймақта тұрған сәтте отқа оранған. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.
Ақбота Сейсенбаева