Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі жайлы қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов айтып берді.
«Шілденің 17-20 аралығындағы Бейжіңге сапарым ең алдымен Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайымен байланысты болды. Тұрлыбайдың ісі қазір не болып жатыр? Қазір іс үкімді жариялау сатысында тұр. Сот (жаңа құрамдағы) осыдан кейін оны жариялау үшін кеңес бөлмесіне кетті. А.Тұрлыбайдың жағдайы әзірге бұрынғыша қанағаттанарлық», - деп жазды қорғаушы Instagram-парақшасында.
Еске сала кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың бұған дейін: «Қазақстан мен Қытайдың достық қатынастарын есепке ала отырып, 2011 жылы елдер арасында сотталған тұлғалармен алмасу келісімшартына қол қойылды. Қазақстан Парламенті бұл келісімшартты 2013 жылы бекіткен. Алайда қытайлық тарап бекіту мәселесін қарастырып отыр», деп түсініктеме беріп өткен.
20 жастағы қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу қаласының әуежайында есірткілік заттарды контрабандалауда айыпты деп танылып, ұсталған. Бойжеткен Қытайға сатуға арналған бренд киімдерін алу үшін барған. А.Тұрлыбайдың айтуынша, есірткіні оған клубта кездейсоқ танысқан адамдар тастаған. Қазақстандық бойжеткенге өмірінің соңына дейін түрмеге қамалу жазасы берілді. Ақжарқын Тұрлыбайдың қорғау тарапы кейінірек үкімге шағым беретінін мәлімдеген.