Талғар өзенінде тағы да сел жағдайы сақталып отыр. Сел қаупі бар өзен алаптарындағы гидрометеорологиялық жағдай тұрақты бақылауда, деп хабарлайды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінен.
"Басқан, Сарқан, Қорғас, Талғар өзендерінің бойында орналасқан «Қазселденқорғау» ММ-нің 16 гидробекеті берген мәліметке сәйкес, 2015 жылғы 28 шілдеде сағат 07.00-де судың шығыны мынадай: Екіаша елді мекені тұсындағы Басқан өзені суының шекті шығыны секундына 75,4 текше метр болса, қазіргі уақытта су шығыны секундына 40,8 текше метрді құрап отыр. Ал Сарқан өзені суының шекті шығыны секундына 47 текше метр болса, қазіргі уақытта су шығыны секундына 32,8 текше метрді құрады. Қорғас елді мекеніндегі Қорғас өзені суының шекті шығыны секундына 260 текше метр болса, қазіргі уақытта су шығыны секундына 30 текше метрге жетті. Талғар өзені суының шекті шығыны секундына 45 текше метр болса, қазіргі уақытта су шығыны секундына 29,0 текше метрді құрады", делінген хабарламада.
"Қазгидромет" РМК мәліметіне сәйкес 28-30 шілдеде ауа температурасының жоғарылауы мен күтілетін жауын-шашыннан Алматы облысының кейбір таулы өзендерінде жаңбырлы су басу қалыптасуы мүмкін және тауларда сел қаупі сақталады.