Қостанай облысындағы Қарасу ауданының 42 жастағы тұрғыны екі бөтелке арақ үшін егде жастағы ерлі-зайыптыны бауыздап тастаған. Оның ісі қазір Қостанай облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр деп жазады alau.kz
Айыпталушы ағымдағы жылдың қыс айында бір әйелмен азаматтық некеде тұрған екен. Алайда, алкогольдік ішімдік жиі қолданғаны үшін оны әйелі үйінен қуып шығады. Сөйтіп ол таныстарының үйін паналаған.
«25 наурызда ер адам үй иелерімен бірге спирттік ішімдік ішкен. Масайып қалған олар сол жерде араққа бәстеседі. Сөйтіп айыпталушы алкогольдік ішімдіктер сатумен айналысатын егде жастағы ерлі-зайыптыларға келіп, қарызға арақ сұраған. Алайда, есік ашқан 74 жастағы әжей оған қарызға арақ бермейтінін айтады. Сол мезетте ер адам зейнеткердің мойнына және денесінің бірнеше жеріне пышақ сұққан. Мұнымен тоқтамай ол төсекте жатқан 77 жастағы үйдің иесін де бірнеше жерінен жарақаттайды. Ерлі-зайыптылар оқиға орнында көз жұмған», – деді сот өкілдері.
Ерлі-зайыптылардың қайтыс болғанына әбден көз жеткізген айыпталушы үйден кептірілген нан және екі бөтелке арақ алып кеткен. Аталған қылмысқа байланысты сот отырысы алдағы 7 тамызда өтеді.