Бизнесмен Тұрсынғали Алагөзовті Алматыдағы әл-Фараби даңғылында орналасқан зәулім үй кешеніндегі пәтерінен шығарып жіберді деп жазады Tengrinews.kz.
Алматының Бостандық аудандық сотының мәліметінше, пәтер қаладағы жақсы аудандардың бірінде орналасқан. Сатып алу және сату бойынша және тұрғын алаңын жалға алу бойынша жасалған келісімшартқа сәйкес, пәтер Тұрсынғали Алагөзовтің ұлы Арсенге тиесілі. Ол әкесіне пәтерде тұруға рұқсатын берген.
Соттың үкімімен 2017 жылдың мамырында Арсен әкесіне берілген сенімхаттың күшін жойған.
«Алматы қалалық Бостандық ауданының шешімімен 2018 жылдың 20 сәуірінде талаптар жартылай қанағаттандырылып, мынадай үкім шықты: Алагөзов Тұрсынғали Тұрымұлын пәтерден шығарып, Алагөзов Тұрсынғали Тұрымұлынан Алагөзов Арсен Тұрсынғалиұлының пайдасына мемлекеттік баж салығы бойынша 1203 теңге көлемінде ақша (бір мың екі жүз үш) өтелсін», - делінген соттың үкімінде.
Соттың сайтындағы мәліметтерге қарағанда, 10 шілдеде Тұрсынғали Алагөзов бұл шешіммен келіспейтінін айтып, апелляцияға берген. Алайда Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының өкілдері Тұрсынғали Алагөзовті пәтерден шығару туралы шешімді сол күйі өзгеріссіз қалдырды.