$ 494.87  520.65  4.91

Қабдеш Жұмаділов эротикалық әңгімелерін не үшін жазғанын айтты

Қазақ жазушыларының ішінде эротика саласына қалам шиырлағандары жеткілікті. Бұл жерде бәрінің атын атап, тізбелеп жатуды мақсат етіп отырған жоқпыз деп жазады 365info.kz.

Бірақ та сол жазушыларымыз сол салаға не үшін барды екен деген ой қызықтырады. Мәселен,

эротикалық бірнеше әңгіме жазған, мүйізі қарағайдай жазушы ағамыз Қабдеш Жұмаділов бір сұхбатында осы мәселеге былай деп жауап беріпті. Назар салып көрелік:

– Ірі, күрделі тарихи тақырыптарды жазып жүрген қаламгердің эротикалық әңгімелерге ойысқаны қалай? Кітап оқитын кездің уақыты өтіп, оқырман азайған заманда, жұртты эротикамен қызықтырғыңыз келді ме?

– Бұл жерде менің көздегенім, оқырман көбейту емес. Жұмаділовты оқитындардың саны кеміген жоқ. Рас,

қазір жұрт кітаптан гөрі, ғаламторды көбірек қарайды. Бірақ ол оқырман азайды деген сөз емес. Жақсы шығарма қашан да халыққа жетеді.

«Толғанайдың түні», «Әмбебап әйел», «Кәрілерге ем болатын дәрілер», «Тұл махаббат» деген әңгімелер жаздым. Эротикаға әдейі бардым. Мұндағы көздегенім – демография. «Ұлт саны қайткенде өседі» деген мәселе.

Арғы тарихқа көз салсақ, исі қазақ екі қатын алғанды ар көрмеген. Тіпті әмеңгерлікті де дұрыс жолға қоя білген. Себебі қазақтың өткен тарихына үңілер болсақ, бабаларымыздың өмірі жаугершілікпен өткенін көреміз. «Еркек тоқты құрбандық» дегендей, сол соғыстарда ерлердің саны үнемі азайып отырды.

Ал, «олардың санын қалай көбейту керек?» деген түйткілді қазақ көп әйел алумен шешкен. Әмеңгерлік те сол. Әйел ерден кетсе де, елден кетпеген. Сол дәстүрді жақтаймын.

Қазір екі әйел тұрмақ, бір әйелге шамасы келмей, қуаты кеміген еркектер көп. Бұл – трагедия.

Бір Алматының өзінде жүз мыңнан астам кәрі қыз бар екен. Ал осылар ең құрмағанда тоқал болып тиіп, өмірге сәби әкеліп жатса, бұл үлкен өсім ғой. Балшықтан бала жасай алмай жатқан қазіргі заманда, әр баланың орны бөлек…

Ақшарқат Ахметбек

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары