03.08.2018, 12:17

Петропавлдық 4 жасар бүлдіршінге шұғыл жәрдем қажет

Белгісіз ауруға шалдыққан кішкентай Расулдың денсаулығы күн санап нашарлап барады деп хабарлайды 24.kz.

Қазақстандық дәрігерлер баланың нақты диагнозын анықтай алмай отыр. Ал шетелдік емханаларда тексерістен өту қомақты қаражатты талап етеді.

Ажар Нұржанның күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғанына бірнеше ай болған. Өйткені бауыр еті баласы Расулдың жағдайы уақыт өткен сайын қиындап барады. Бүлдіршін қазір төсекке таңылып, тіпті, айналаны сезінуден қалған.

«Қазір қолшатырмен тамақтандырамын. Кішкене аузына беремін. Сосын күші жоқ болып кетеді, шаршайды. Екі сағат ұйықтайды. Сосын дірілдейді», - дейді Расулдың анасыАжар Нұржан.

Расулдың дертіне дауа іздеп ата-анасы Астана мен Омбы қалаларына да барған. Алайда екі елдің дәрігерлері әртүрлі диагноз қойып отыр. Алдын ала болжам бойынша, бүлдіршіннің орталық жүйке жүйесі зақымданған. 

«Квота беру мәселесін Денсаулық сақтау министрлігі шешеді. Ол үшін біз барлық құжаттарды рәсімдеп, Астанаға жібердік. Ал балақайдың жағдайы ауыр. Қазір Алматыдағы әріптестерімізбен байланыс орнатып, қолымыздан келгенін жасап жатырмыз», - облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімшесінің меңгерушісі Елена Бедина.

«Қандай дертке шалдыққанын білу үшін Расулды шетелге апарсақ», – дейді ата-анасы. Алайда Қазақстандық дәрігерлерден тиісті құжаттарын ала алмай отыр.

«Израиль не болмаса Корей еліне барғымыз келеді. Ол үшін тек бастапқыда ғана 14 миллион теңгедей қаражат қажет. Диагнозы нақты қойылса, тағы ем-дом шаралары бар. Ал Расулдың жағдайы болса қиындап барады», - дейді Расулдың әкесі Руслан Нұржанұлы.

Бүлдіршіннің ем-домына деп өңірде түрлі қайырымдылық жәрмеңкелері өткізілуде. Нәтижесінде 10 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Алайда ол жеткіліксіз болып тұр.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура