Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында екінші мәрте бауыр ауыстыру бойынша ауыр отадан кейін дүниеге дені сау сәби келді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облысының тұрғыны Толқын Айдарова 2015 жылы Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында бауыр ауыстыру бойынша жасалған сәтті отадан кейін тұңғышын дүниеге әкелді. Келіншек ҚР ДСМ-нің Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық орталығының базасында босанды.
«Әйел табиғи жолмен дүниеге қыз баланы әкелді. Сәбидің салмағы - 3 келі 250 грамм, бойы - 52 см. Дәрігерлердің айтуынша, ана мен баланың жағдайы жақсы»,- деді орталықтағылар.
Аяғы ауыр келіншек мекенжай бойынша акушер-гинекологтан, гепатопанкретобилиарлық хирургтан тексерістен өтіп, терапевтпен және гепатологпен кеңесіп отырған.
2-ші акушерлік бөлімнің меңгерушісі Батыр Өскінбаев баланы көтеру кезінде туындауы мүмкін қиындықтарға қарамастан трансплантат жүктілікті тоқтатуға себеп бола алмайтынын айтты.
«Біздің тәжірибеде қандай да бір мүшені ауыстырғаннан кейін жүкті болу - ерекше жағдай емес. Соңғы кезде органдарын ауыстырып, кейін ана атанып жатқан әйелдердің саны артты. Алайда бауыр ауыстыру бойынша өткізілген ауыр отадан кейін дүниеге дені сау сәбидің келуі екінші рет болып тұрған жағдай. Трансплантологияның бұл түрі хирургиялық тұрғыдан аса ауыр болып келеді. Алайда бұл жүкті болып, дүниеге сап-сау баланы әкелуге кедергі келтірген жоқ. Әрине, мұндай қадамға бару батылдық пен жауапкершілікті талап етеді», - деді дәрігер.