Құрбан сөзі «Аллаһқа жақындау, Аллаһтың разылығын табу» деген мағынаны білдіреді. Негізінде бұл мерекенің тарихы Ыбырайым аләйһис-сәләм мен ұлы Исмайл пайғамбардан бастау алған екен. Аллаһқа деген бағыныштылығымен сыналған Ибраһим пайғамбар Жартушысын разы ету үшін ұлы Исмайлды құрбандыққа шалмақшы болады. Аллаһ Тағала оған Исмайлдың орнына көктен түсірген қошқарды құрбан етуін бұйырады. Осындай үлкен сынақты бастарынан өткерген әкелі-балалы қос пайғамбардың тағылымы бүгінде мұсылман қауымы үшін ғибрат өнегесі болса керек-ті. Толығырақ төмендегі оқиғада айтылған деп жазады Ernur.kz.
Ұлық Алла Ыбырайымға аян беріп: «Жалғыз ұлыңды құрбандыққа шал!» – деп бұйырды.
– Құдайдың қалауы солай болса, ризамын, – деп, іштей бекінген Ыбырайым пайғамбар ұлын киіндіріп, тауға қарай жол тартты.
– Әке, біз қайда барамыз? – деді ұлы.
– Досыма қонаққа барамыз, – деді әкесі.
– Олай болса, пышақ пен жіптің не қажеті бар?
– Қайтарда қой сойып әкелеміз. Осы кезде шайтан келіп, Исмайылды азғырды.
– Әкең өтірік айтады. Сені Алла жолына құрбандыққа шалмақшы, – деді. Исмайыл:
– Алла үшін шыбын жаным садаға, – деп, Ібіліс шайтанды қуып жіберді. Ібіліс енді анасы Ажарды айналдырды.
Анасы да: «Алла үшін мың ұлым болса да, құрбан етер едім», – деп жауап берді.
Ібіліс отбасына алауыздық ете алмай, шарасыз қалды. Құрбан шалатын жерге жеткенде, Ыбырайым ұлына қарап жылай берді. Ұлы:
– Әке, не үшін жылап отырсыз? – деп сұрады.
– Ұлым, мен сені қазір құрбандыққа шалам. Алланың қалауы солай болды, – деп жылап жіберді.
– Алланың бұйрығына мен де ризамын. Тек өтінерім: анам мені жоқтап жыламасын. Сабыр етсін. Бауыздар кезде менің көзіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып, Алланың үкімін орындай алмай қаларсыз, – деді. Оның сөзін естіген барлық періштелер егіліп қоса жылады. Сол кезде ұлық Алла періштелерге:
– Қараңдар, менің қандай адал құлдарым бар. Сендер әлімсақта «Адамды жаратпа. Олар қан төгіп, қиянаттан басқаны білмейді» деп арыз айтып едіңдер. Енді қараңдар мына ерлікке! – деп мақтанды. Періштелер бастары салбырап, жерге қарады. Ыбырайым пышағын алып, ұлының тамағынан орып жіберді. Бірақ пышақ өтпеді. Ол екінші рет қайта тартты. Өтпеді. Үшінші рет бар күшімен бауыздады. Алмас пышақ жұмсақ теріні кесе алмады. Пайғамбар ызаланып, пышақпен тасты ұрғанда, өткір кездік қара тасты қақ айырды. Сол кезде Жебірейіл періште пейіштен көк қошқар алып: – Аллаһу акбар, аллаһу акбар, лә иллаһа иллалла.
Аллаһу акбар, аллаһу акбар уәлиллаһил-хамд, – деп тәкбір айтып түсті. Бұл «Алла Ұлы, Алла Ұлы, Алладан басқа тәңір жоқ. Алла Ұлы, Оған мақтау-мадақ болсын» деген мағынаны білдіреді. Періште:
– Ей, Ыбырайым, сынақтан сүрінбей өттің. Алла сенің адалдығыңа риза болды. Ұлың аман қалды. Оның орнына мына көк қошқарды құрбандыққа шал, – деді. Содан бастап құрбан айтта құрбандық шалу мұсылмандарға парыз болыпты.
Құрбандық шалу парызы – мал союмен ғана өтелмейді. Бұл кезде адамдардың ішкі жан-дүниесі тазарып, өткені мен бүгініне шүкіршілік айтып, мал-жанынан садаға етеді. Адал пейілі мен жомарттығы сыналады.
Құрбандық шалудың да өз тәртібі мен мәні бар. Құрбандыққа аталған малды Құрбан айт намазынан кейін сою керек. Егер оған дейін сойып қойса, намаздан соң тағы да бір қой союға тура келеді. Құрбандықты өлген ата-бабаларының атынан да, өз отбасының атынан да шалуға болады.
Қайтыс болған марқұмдардың атынан сойылған мал түгелдей садақа ретінде кедей-кепшікке, жетім-жесірге таратылады, ал отбасының атынан сойылған мал 3-ке бөлінеді. Бір бөлігін өзіне, екінші бөлігін көршіге немесе жақын туысына береді, ал үшінші бөлігі тұрмысы төмен, көп балалы немесе асыраушысынан айырылған отбасыға үлестіріледі.
Құрбандық шалу құрбан айтының үш күнінде де жүзеге асырылады. Бұл мерекеде отбасы мүшелері дастарқан жайып, дәмді тағамдар мен тәттілерге толтырады. Өмірден өткендерге құран бағышталып, өздерінің амандығы мен тыныштығы үшін Алладан тілек тілейді.
Ләззат АХМЕТОВА