Ресейде 37 жастағы қазақ жігіті өртеніп жатқан автобустан 48 жолаушыны құтқарып қалды. Оны қазір жергілікті арналар бірінен соң бірі көрсетіп жатыр деп жазады Vesti.ru.
Тамыз айының 5-і күні Семейден Новосібірге бет алған автобуста Ержан Амарханов та болады. Түн ішінде шырт ұйқыда жатқан көпке ілеспеген ол автобустан өрт шыға бастағанда есіктердің бәрін ашып, жолаушыларды оятып, сыртқа шығарған.
Автобустағылар Ержан болмағанда о дүниелік боп кететін едік дейді. Ол жабық есіктерге дейін сындырып, балаларға дейін көтеріп шығарған.
Қазақстандық азамат өрт басталғанда құжаттары мен қаражаттарын ұмытып та кетіпті.
«Бастысы адамдар аман-есен. Құжаттарым, көші-қон картам, жеке куәлігім және ақшалар сонда қалды», - дейді Ержан Амарханов.
Десе де, көші-кон басқармасының қызметкерлері оған құжаттарды жедел түрде рәсімдеп берді. Сондай-ақ Ержаннның қолына паспортын қайта жасау үшін Омбыдағы консулдыққа дейін жетуге анықтама ұстатты.