Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов кішкентай баламен жұдырықтасты.
Ауыр дертке шалдыққан балаға күш беріп, көңілін көтеру үшін боксшы онымен жұдырықтасып, өтірік жеңілген.
Төреші болса, «Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов пен Ерасыл Батырдың арасында өткен жекпе-жекте айқын басымдықпен жеңіске жеткен – Ерасыл», – деп балақайдың қолын көтереді.
Олардың осынау сәттегі видеосын эстрада әншісі Сәкен Майғазиев өзінің желідегі парақшасына жариялаған.
«Данамен дана, баламен бала бола білетін Ермаxан мырзаға, Нұрлан қажы ұстазымызға («бас төреші») Алла разы болсын! Алла Тағала Ерасылға шипа берсін, сәбилер ауырмасын, аналар жыламасын», – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары спортшының кеңпейілділігіне тәнті боп, оған алғыс айтып жатыр.
«Жарайсыз, Ермаған аға. Алла разы болсын», «Осы кісінің қарапайымдылығына таң қаламын. Үнемі айналасына қуаныш сыйлап жүреді», «Балалардың көңілін көтеріп жүрсіз. Бақытыңыз еселене берсін», - деп жазды олар.