Жаркентте кішкентай қыз батуттың ішіне 2 метр тереңдікке түсіп, тұншығып қалған. Бұл туралы балақайдың нағашысы Instagram-парақшасына жазды.
Оқиға Жаркент қаласы Головацкий көшесіндегі Бөлек Батыр саябағында болған.
«Құрметті, Жаркент тұрғындары, балаларыңызға абай болыңыздар. Жиенім Шахназ батутта ойнап жүріп, ішіне түсіп кетті. Аяғынан тартып, әрең шығарып алдық. Ішінде ауа-жоқ, қапырық. 2 метр төменге түсіп кеткен.
Баланы ойнатып тастап кетсек, ішінде өледі де қалады екен.
Батуттарды неге дұрыстап тексермейді? «Әкімдікке шағымданғанымызда ойнай алмайтын баланы неге әкелесіздер?» деп өзімізге сөйледі», - дейді балақайдың туысы.
Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағатов саябақта жарамсыз батуттың жоғын айтады.
«Бала зардап шекпеген. Шағым түскен жоқ. Кәсіпкерлік бөлімі бұл проблеманы қолға алып, жағдайды бақылауға алады», — деді Қанағатов.