Ақсу қаласындағы балабақшаның тәрбиешісі өз ұлын қорғау үшін өзге баланы ұрып және өзгелерге ұрғызған.
23 жастағы әйелдің баласын өзге бүлдіршін тістеп алған екен. Ұлын ренжіткеніне шыдай алмаған тәрбиеші әлгі баланы ұрып, аяғымен де тепкен. Бұл сәт сол мекемедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Артынша тәрбиеші баланың ата-анасын шақыртып, өзінің ұлын тістеп алғанын айтып шағымданған деп хабарлайды 31-арна. «Тәрбиеші ұлымды 5-6 рет ұрған. Ұлы екеуі бірге тепкілеген. Кеудесінен ұрып, ұрысқаны бар. Тәрбиеші өз ұлын қорғап менің баламды ұрған. Ал сол жерде ұлымды ешкім қорғай алмаған», – дейді баланың анасы. Тәрбиеші Ақбота Тілекбердиева баласы мен Татьянаның ұлы Әли жиі төбелесіп қалатын көрінеді. Осыдан кейін тәрбиеші өз ұлын қорғаштап, өзгенің баласын ұрған. Бұл іс-әрекетін Ақбота өзінің жүктілігімен байланыстырады. «Менің аяғым ауыр болғандықтан жүйкем шаршаңқы. Қан қысымым көтеріліп кетті. Бір топта ұлымның жанында жұмыс істей алмаймын деп басында айтқан едім. Қанша дегенмен мен де анамын. Өзімді ұстай алмадым», – дейді Ақбота Тілекбердиева.