$ 498.34  519.72  4.85

Астанада 1600-ге жуық жаңа кәсіпорын ашылды

Үстіміздегі жылдың соңғы үш айында елордада 1575 заңды тұлға тіркелді, соның ішінде 1552-сі шағын, 22-сі орта, 1 ірі кәсіпорын, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Астана қаласының статистика департаментінің мәліметі бойынша, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, шағын кәсіпорындар саны 21,1% өскен.

Ведомствоның хабарлауынша, жаңа кәсіпорындардың басым бөлігі құрылыс (25%) және сауда (22%) салаларында шоғырланған. Өзге де қызметтерге 13%; ғылым және техникалық қызметтерге, өнеркәсіпке 7% тиесілі. Әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметке; ақпарат пен байланысқа; көлік және қоймалауға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға орташа есеппен 4% келеді, 3% білім беру және денсаулық сақтау; тұру және тамақтануға; өнер, ойын-сауық және демалыс қызметтеріне 2% келеді. Қаржы және сақтандыру қызметіне; мемлекеттік басқаруға; ауыл шаруашылығына орташа есеппен 1% тиесілі. Ал тіркелген заңды тұлғалар басшыларының арасында ерлер 71,4%, әйелдер 28,6% құрады.

Айта кетсек, шағын және орта бизнес елорда экономикасының маңызды салаларының бірі болып табылады. Бұл секторда 56 мыңға жуық түрлі кәсіпорын жұмыс істейді. Қалалық Кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында тұрақты жұмыстарды қолға алды. Жыл басында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылса, Астана күніне орай алғашқы орталық бизнес-портал іске қосылды. Бұдан басқа, білікті кадрларға деген сұранысты қанағаттандыру үшін құрылыс-техникалық колледж базасында ресурстық-технологиялық орталық өз жұмысын бастамақ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары