27.08.2018, 06:38

Салтанат Байқошқарова Қазақстанда ЭКҰ арқылы қанша бала дүниеге келетінін айтты

Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу экстрокорпоральды ұрықтандыруды қажет ететін әрбір әйелге мүмкіншілік береді. Бұл жайында ҚазАқпарат агенттігіне сұхбат берген еліміздегі ең бірінші экстрокорпоральды ұрықтандыру зертханасының негізін қалаған биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова айтты.

 «2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. Бұл әрбір әйелге жылына тым болмағанда бір рет экстрокорпоральды ұрықтандыруды тегін жасатуға мүмкіндік беретін болады», - деді ол.

Оның дерегінше, 2010 жылдан бері Қазақстанда мемлекеттің қаражаты есебінен экстрокорпоральды ұрықтандыру арқылы 1500 бала дүниеге келген.

«Егер мемлекеттік квота жайында айтар болса, онда 2010 жылдан бері 1500 бала дүниеге келді. Меніңше, бұл өте үлкен нәтиже. Себебі ерлі-зайытылардың барлығының бірдей репродуктивті денсаулығы кінәратсыз болмаған кезде де оң нәтижелер бар. Небәрі 700-800 мың теңгеге мұндай нәтижеге қол жеткізу керемет деп есептеймін. Өйткені, өзге елдерге қарағанда біздің мемлекетімізде экстрокорпоральды ұрықтандыру арзан. Екі, кейде үш, тіпті 10 есе арзан болып келеді. Бірақ, бізде дәрі-дәрмек өте қымбат. Себебі олардың барлығын шетелден сатып аламыз», - деді Салтанат Байқошқарова.

Оның сөзіне қарағанда, бұрындары экстрокорпоральды ұрықтандыру зертханасына 40-тан асқан әйелдер жүгініп келсе, қазіргі уақытта жүгінетін әйелдердің орташа жасы 35-ті құрайды.

«Бұл адамдар біршама сауатты бола түсті және экстрокорпоральды ұрықтандырудың не екенін біледі деген сөз», - деді ол.