Астанада куәгерлер «Хан Шатыр» сауда орталығында болған жағдайды видеоға түсіріп алды. Видеоға күзетшілердің ұрыны ұстаған сәті түсірілген деп жазады Tengrinews.kz.
«26 тамызда ер адам сауда орталығындағы бутиктердің бірінен парфюм ұрламақшы болған. Бутиктің күзет қызметкерлері сауда орталығының күзетшілерімен біріге отырып ер адамның бұл әрекетіне тосқауыл болған. Видеода ер адамның ұсталған сәті түсірілген», - делінген «Хан Шатыр» сауда орталығы әкімшілігіндегілердің сауалға берген жауабында.
Әкімшілік өкілдерінің айтуынша, ешкім зардап шеккен жоқ. Бутик иесіне материалдық шығын өтелген.
Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, астаналық 24 жастағы жігіт ұсталды. Ол бутиктердің бірінің витринасында тұрған парфюмді алып, сөмкесіне салған. Сол кезде сауда орталығынан шығып бара жатқан сәтте оны күзетшілер ұстаған.
«Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Заттай дәлелдер тәркіленді. Ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр», - деп хабарлады қалалық ІІД баспасөз қызметіндегілер.