31.08.2018, 17:41

Тәжікстан президенті өз ұлын мемлекеттік орденмен марапаттады

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзінің 30 жастағы ұлын - Душанбе мэрін "Алтын тәж" орденімен марапаттады деп хабарлады мемлекет басшысының ресми сайты.

Марапаттау рәсімі Тәжікстанның тәуелсіздік күні мерекесін атап өту кезінде болған. Эмомали Рахмон түрлі кәсіп иелерін марапаттап, әскерилер мен ішкі істер органдары қызметкерлеріне шен табыстады. Марапатталғандар іүішнде президенттің өз ұлы Рустам Эмомали де бар. Душанбе мэрі қызметін абыроймен атқарғаны үшін әкесі оған екінші дәрежелі "Алтын тәж" орденін кеудесіне тақты.

Мемлекет басшысы марапатталған мемқызметкерлер мен әскерилердің және өзге де мамандардың әрбірі Тәжікстан болашағы үшін аянбай еңбек етіп, экономикасының дамуына зор үлес қосады деп сенім білдірді.

Айта кетейік, Рустам Эмомали 2017 жылдан бері Душанбе қаласының мэрі қызметін атқарып келеді.