Астанада ауруханада жатқан 28 жастағы келіншек маса шаққаннан кейін қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі болса, бұл жағдайды анықталмаған шоктан болды деп болжап отыр деп жазады Tengrinews.kz.
«30 тамыз күні менің құрбымның көзінің маңын маса шағып алды. Ісіп кеткен соң ертесіне Астанадағы Қошқарбаев көшесінде орналасқан ауруханаға барған. Ұзақ кезек күткен. Күйеуі мен 6 және 8 жасар баласы ол кезде сыртта көлікте күтіп отырған. Біраз уақыттан кейін күйеуіне дәрігерлер қоңырау шалып, келіншегінің қайтыс болғанын айтқан», - дейді марқұмның құрбысы.Дәрігерлер науқасқа препарат берген көрінеді. Дәріні қабылдағаннан кейін әйелдің жүрегі айнып, сол жерде жан тапсырған. Ақ халаттылар келіншекті маса шаққаннан қайтыс болды деп отыр. «Оған аллергияға қарсы препарат берген. Содан кейін жүрегі тоқтап қалған. Медициналық сараптама шықты. Анықталмаған шок жағдайы боп отыр», - дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. Вице-министр алда тағы да бірнеше медициналық сараптаманың жүргізілетінін айтты. Дегенмен, науқас қандай да бір препаратты қабылдамас бұрын жазбаша келісімге қол қоятын көрінеді.