04.09.2018, 10:06

Министр Мақтаралдағы мектепке жаппай хиджаб киіп келген оқушыларға қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Фердауси ауылында хиджаб тағып барған қыздарды мектепке кіргізбеуге қатысты түсінік берді деп жазады Азаттық.

Астанада үкімет отырысының арасында осы мәселе бойынша жауап берген Сағадиев «заң бойынша оқушылар сабаққа орамалмен кіргізілмейтінін» айтты. Оның сөзінше, министрлік бұл мәселеге қатысты аймаққа арнайы комиссия жіберіп, жағдайды реттемек.

Бұған дейін, 3 қыркүйекте Фердауси атындағы жалпы орта мектепте мектеп басшылығының сабаққа орамал тағып келген оқушы қыздарды мектепке кіргізбей қойғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде өзін «орамал тағатын оқушы қыздардың бірінің бауырымын» деп таныстырған қолданушы Фердауси мектебінің алдында орамал таққан ондаған оқушыны мектеп басшылығы мен полицей формасындағы адамдардың мектепке кіргізбей тұрғаны туралы видео жариялаған.

Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің өкілі Фердауси ауылында 1 қыркүйектен бастап орамал тағатын оқушы қыздардың сабаққа кіргізілмей жатқанын растады. Оның сөзінше, биыл жазда арнайы топ ата-аналар арасында бұл мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген. «Заң бәріне бірдей, біз заң аясында жұмыс істеп жатырмыз» деді баспасөз қызметінің өкілі.

Фердауси ауылындағы орамал дауы былтыр да болған. Бұл ауыл Шымкент қаласынан шамамен 300 километр қашықта орналасқан. Ауыл тұрғындарының барлығының дерлік ұлты – тәжік, оқу орны да тәжік мектебі. Мұнда оқушы қыздар орамалды «ұлттық дәстүрге байланысты тағады».

Қазақстанның кей аймақтарында оқушы мектепке орамал тағып келуі мен оларды мектепке кіргізбеу былтырдан бері даулы мәселеге айналған.

Даудың басы білім министрлігі 2016 жылы қаңтарда шығарған мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы болып отыр. Онда мектепте қандай да бір дінді насихаттайтын киім киюге тыйым салынған.