07.09.2018, 03:16

Алматылық дәрігерлер 10 күннен бері ауруханада ес-түссіз жатқан ер адамның туыстарын іздеп жатыр

Жасы шамамен 45-50-дегі ер азамат тасжол жиегінде ес-түссіз жатқан жерінен табылған деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Атпалдай азаматты көлік қағып кеткен болуы мүмкін. Түрлі ауыр дене жарақаттарын алған оны жедем-жәрдем ауруханаға жеткізген. Жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан науқасты дәрігерлер аман алып қалды. 10 күн ес-түссіз жатқан сырқат есін енді жиды. Бірақ, қатты соққыдан миы зақымдалып, салдарынан сөйлей алмай қалған. Ауруханаға түскенде құжаты, не қалта телефоны да болмаған екен. Ақ халаттылардың айтуынша, сырқат маскүнемге ұқсамайды. Соны ескеріп, полицияға хабар берген. Бірақ, әзірге артынан іздеп келген ешкім жоқ.

«Науқас алған жарақаттарының себебінен сөйлеу қабілетінен айрылған, жағдайы мүшкіл. Науқастың жарақаты өте ауыр. Түскен кездегі киіміне қарағанда, науқастың өзінің түр-сипатына қарағанда туысқандары бар деп ойлаймыз», – нейрохирург дәрігер Ербол Мәкежанов.