$ 441.66  475.14  4.86

Теміртауда баланы тұншықтырған тәрбиешіні видеоға түсіріп алған бала бағушы балабақша әкімшілігінің өзіне көрсеткен қысымы туралы айтты

Бұрынғы депутат, қазіргі блогер Тәңірберген Бердіоңғаров өз ютуб-каналына Теміртау балабақшасында тәрбиеленушіні тұншықтырған тәрбиешіні телефон камерасына түсіріп алған бала бағушы Ксения мен оның әкесі Сергейдің бейнежазбасын жүктеді деп жазады  Newtimes.kz.

Олар тәрбиешінің баланы көрпемен тұншықтырғаны туралы оның ата-анасы мен құқық қорғау органдарына неліктен айтпауының себебін түсіндірді.

Ксения мен әкесі Сергей Менжаевтың айтуынша, олар өздерінің қызының қалай ұйықтап жатқанын видеоға жазып алғысы келген. Алайда, сол сәтте кадрға тәрбиешінің басқа сәбиді көрпемен тұншықтырып жатқандығы түсіп қалыпты.

«Ол үйге келгенде өңі қашып кеткен еді. Видеоны көргеннен кейін біз де абдырап қалдық. Сол кезде қызым бейнежазбаны интернетке салмақшы болды, бірақ мен тоқтатып қалдым. Екі күн ойланайық деп райынан қайтардым. Ертесінде жұмысқа кеткен болатын. Бірақ видеоны балабақшада әлдекім телефоннан өшіріп тастаған», – дейді  Сергей.

Ксения әлі күнге дейін өз-өзіне келе алмай жүр. Видеоны көргендер болған жайтқа оны да кінәлауда. Себебі, тәрбиеші баланы тұншықтырып жатқанда оны тоқтатпаған.

«Үміт менің видеоға түсіріп жатқанымды білмеді. Онымен сәуір айынан бастап бірге жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде оның мұндай әрекетін көрген емеспін. Біз Үмітпен сөйлескенде ол баланың ата-анасынан кешірім сұрайтынын және сол қылығы үшін үйден шыға алмай қалғанын айтқан болатын. Күнде жылайтынын жеткізген. Тіпті сол қылығы үшін өз-өзіне қол жұмсағалы жүргені туралы естідім. Бәрінің оны жақтап жатқандарын түсінбеймін. Балаларды ұйықтауға қалай жатқызатынын көрді емес пе? Көп ата-ана оның үстінен шағым да түсірді, балабақшадағылар мұны біледі. Бірақ ешкім ешнәрсе айтқысы келмейді. Ол жағдай туралы балабақша әкімшілігіне айтқанымда, бұл іске менің араласпауымды айтқан болатын», – дейді Ксения.

Бала бағушының айтуынша, балабақша әкімшілігі тәрбиешінің баланы тұншықтырғаны туралы ешкімге айтпауын ескерткен. Тіпті сол баланың ата-анасының жанына да жолатпай қойған. Ол ғана емес, Ксенияны бала бағушы қызметінен алып, еден жуушы етіп қойған. Айтуынша, барлық келеңсіздіктер сол бейнежазбаның телефонынан жоғалып кеткенінен кейін басталыпты. Мұндай қысымға шыдай алмаған Ксения жұмыстан шығып кеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары