Екі жасар қыз сегіз сағат бойы орман ішінде қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«10 шілде күні сағат 00:25-те Бурабай ауданындағы полиция бөлімшесіне Щучинск қаласының 37 жасар тұрғыны қоңырау шалды. Ер адам сағат 21:30-да үй ауласында ойнап жүрген екі жасар қызының жоғалып кеткенін хабарлады» делінген Ақмола облысы ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ата-анасының айтуынша, қыз бала үйдің ауласында итпен ойнап, анасының көз алдында жүрген. Анасы бір сәтке бау-бақша суаруға кеткенде, кішкентай қыз белгісіз бағытта кетіп қалады. Әке-шешесі өздері іздегенімен, таба алмаған.
Кішкентай қыз баланы іздеу жұмыстарына Бурабай ауданының АІІБ жеке құрамы жұмылдырылды. Іздеу шаралары нәтижесінде бүлдіршін таңғы сағат 6:00-де үйден 500 метр қашықтықта орман алқаптарынан аман-сау күйінде табылды.