Екі айлық Полина Василева Алматыға арнайы санавиация бортымен жеткізілді деп жазады Тengrinews.kz.
Нәресте Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жатқызылған. Баланың әкесі елге қалай оралғандары туралы айтып берді.
«Антальяға келгенде бізді әуежайдан өзіміздің елшілік күтіп алып, қонақүйге орналастырды. Бас елші Бауыржан Әбдірахманов арнайы Стамбұлдан ұшып келді. Ол бізге Алматы-Анталья ұшақ билетін өзі сатып әперді», – дейді Иван Васильев.
Ер адамның айтуынша, Анталья ауруханасында Полинаға шұғыл түрде басына ота жасалған. Емі 29 мың долларға өсіп кетіпті.
«Ал біздің қолымызда Алматыда жақсы адамның берген бар-жоғы 20 мың доллар бар еді. Қалған 9 мың долларды қайдан табамыз деп тағы уайымға түстік. Сол кезде бізге Стамбұлда демалып жатқан тағы бір отандасымыз көмек қолын созды. Жүрегі кең адамның аты-жөнін білмейміз, өзін таныстырған жоқ. Сөйтіп жақсы адамдардың көмектерінің арқасында Алматыға келдік», – дейді Иван.
Алматылтықтың сөзіне қарағанда екі айдың ішінде нәресте 700 грамм салмақ қосып, 1 келі, 400 грамма жетіпті.
«Біз қызымызды көргенде өз көзімізге өзіміз сенбедік. Ол өсіп қалыпты. Қолдары қимылдап, аяқтары жыбырлайды. Көздерін ашып, жұма алады. Қазір ол арнайы инкубатор ішінде. Демалуы әлі де әлсіз. Бірақ дәрігерлер қызымыздың жағдайының бірқалыпты екенін айтты. Тағы 2,5 келі қосып жатса, басындағы имплантты алып тастауға болады екен. Бұдан басқа денсаулығында ақау жоқ. Біз әйелім екеуміз барлық қазақстандықтарға және Президентімізге алғысымызды білдіргіміз келеді. Бізге қолдау көрсетті. Сондай-ақ, қаражат берген екі жақсы отандасымызға рахметімізді айтамыз. Қызымызды Алматыға әкелген дәрігерлер мен оның өмірі үшін арпалысқан жандарға да көп рахмет!», – деді Ивн Васильев.