Ақтөбеде полицияға бағынбай, пышақ ала жүгірген А.Санатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол бұрын да билік өкіліне бағынбағаны үшін істі болған деп жазады ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова көшесінде қарудан оқ атылып, тұрғындар полицияның іс-әрекетін ұялы телефондарына түсіріп алды. Әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен видеоға қатысты облыстық ІІД баспасөз қызметі ақпарат таратты. Кеше кешкілік «Ланд Крузер-200» көлігінің иесі жол-көлік оқиғасын жасап, екі көлікті зақымдады. Бірақ ол оқиға орнынан қашып кетіп, полицияның назарына іліккен болатын.
«Полицияны көрген кезде қолына пышақ алып, қарсы кезенді. Сол жердегі адамдарға қауіп төндіріп, қорқытты. Күдіктіні ұстау кезінде полиция қызметкерлері жоғарыға ескерту оғын атты. Бұрын сотталған 44 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны ұсталды. Ол есірткі тұтынған. Оқиға орнынан жиналмалы пышақ тәркіленді. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша тергеу изоляторында қамалды»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, күдікті А.Санат 2016 жылы Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне бағынбау» бабы бойынша жауапкершілікке тартылған. Ол кезде де күдікті есірткі тұтынып, полицияға бағынбаған. Тіпті, тергеу кезінде көліктен марихуана табылды. Екі жыл бұрын сот 120 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындаған болатын. Сот материалына сүйенсек, ол жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы болып жұмыс істейді.