$ 486.44  534.31  5.06

«Астана банкі» шетел валютасымен сауда жасаудан шеттетілді

Қазақстан қор биржасы (KASE) 13 қыркүйектен бастап «Астана банкін» биржада шетел валютасымен жасалатын саудаға қатысудан шеттетті. Бұл туралы биржаның ресми сайтында хабарланды.

«Биржа басшылығының 2018 жылдың 13 қыркүйегіндегі шешімі бойынша, «Астана банкі» АҚ-ның «валюта нарығына клирингтік қатысушы» санаты бойынша клирингтік қатысушы мәртебесінің әрекет ету мерзімі тоқтатылды» деп хабарлады KASE.

18 сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында «жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан ары мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін» айтқан.

«Сондықтан барлығына Ұлттық банкті қыспаққа ала беруді тоқтатуға кеңес беремін. Қазір «Эксимбанк», «Астана банкі» және Qazaq Bank банктері акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті. Олар қалай жұмыс істей алады? Парламент депутаттарын араластырып, Ұлттық банкке қысым жасай беруді тоқтатыңыздар деп тағы да айтам» деген Назарбаев.

Бұдан соң «Астана банкі» өзінің тұтынушылары, серіктестері мен несие берушілері алдындағы барлық міндеттемесін «тұрақты орындап отырғанын» мәлімдеп, клиенттерін «дүрлікпеуге» шақырған еді.

Кейін банк 22 сәуір мен 2 мамыр аралығында жеке тұлғалардың банктен ақшасын алуы мен ақшалай аударым жасауына шектеу енгізген.

29 мамырда Қазақстан Ұлттық банкі «Астана банкінің» лицензиясын тоқтатқанын хабарлаған.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары