18.09.2018, 05:10

«Көшеге рұқсатсыз шықпаймыз»: Қытай азаматы Қазақстандағы өмірі жайлы айтып берді

Бұрын CNPC Ақтөбе мұнай-газ компаниясында 2009 жылдан бастап 2 жыл қызмет еткен қытайлық азамат Ван Цимэн Қазақстандағы еңбек барысы және оларды жергілікті тұрғындар қалай қабылдағаны туралы айтып берді деп жазады BAQ.KZ.

CNPC Ақтөбе мұнай-газ компаниясында құжаттардың архивімен байланысты 2009 жылдан бастап 2 жыл қызмет еткен қытайлық азамат Ван Цимэннен Қазақстандағы еңбек барысы туралы айтып берді деп жазады Baq.kz.

Сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғыс айтамын. Сіз жұмыс істеген компанияның мақсаты қандай?

Әлемдегі барлық компанияның мақсаты – ақша табу. Оның үстіне біздің елімізге мұнай мен газ керек. Ал Қазақстан үкіметі мұнай саласында тұрғындардың жұмыс істеуін қалады. Қытайлық компания оларға жұмыс ұсынды. Бұл екі жаққа да тиімді. Оның үстіне компания 50/50 пропорциясын ұстануы міндетті. Ол дегеніміз жұмысшылардың жартысы қазақстандық азамат болуы тиіс.

Неге 2 жыл ғана еңбек еттіңіз? Ұзағырақ қалуға болмады ма?

Мен Ақтөбеде жұмыс істегенде бойдақ едім. Шетелге тек көп ақша табу үшін бару керек. Бірақ отбасын құруды да ұмытпаған жөн. Оның үстіне ата-анам мұнда қалып қойды. Оларға күтім көрсетіп, жағдай жасау керек. Сондықтан қайтуыма тура келді.

Ақтөбеде қытайлықтарды қалай қабылдады?

Қазақстан халқы шетелдіктерге жақсы қарым-қатынас көрсетсе екен деп ойлаймын. Себебі егер сіз орыс тілін білмесеңіз, сізде тек қытайлық паспорт болып, ондағы виза дұрыс болмай қалса, полиция ақша талап етуі мүмкін екенін естідім. Бірақ өз басымда мұндай жағдай болмады. Оның үстіне біз Ақтөбеде жұмыс істегенде рұқсатсыз сыртқа шықпаймыз. Міндетті түрде ескертіп, рұқсат алатынбыз. Кейбір жергілікті тұрғындар Қытай мұнайды да, бар ақшамызды да алып жатыр деп есептейді. Тек мұнай ғана емес, басқа да ресурстарымызды алмақ деп қорқады. Шын мәнісінде, олай емес. Себебі Қазақстан Үкіметі шетелдік компания кірмес бұрын, өз талаптарын қояды. Сол шарттарды орындаған соң, жұмысқа кіріседі.

Біздің компания мұнайды өндіріп, өңдеп бензин қылады. Одан шыққан өнімді тек Қазақстанға ғана емес, Қытайға да жеткізеді. Себебі бізде мұнай бар, бірақ халыққа жетпейді, аздық етеді. Сіздерде бензин арзан, бізде өте қымбат. Сондықтан бізге бұл кәсіпорынның маңызы зор.

Ақтөбеде сізге не ұнады?

Мен Қазақстанда 2 жыл жұмыс істедім. Ақтөбеде Мега орталығы ұнайтын. Онда кинотеатр бар, қыс кезінде конькимен сырғанауға болатын. Жеміс-жидектерді, киімдерімізді сол жерден алатынбыз. Бірақ әлі биік үйлер салынса, қаланың көркі ажарлана түсер еді. Біздегі биік ғимараттар жетпей тұрған сияқты.

Ал, сіз орыс тілін қайдан үйрендіңіз?

Мен Пекин қаласында университетті орыс тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдадым. Содан орыс тілін білемін.

Анықтама: CNPC-Ақтөбемұнайгаз — CNPC компаниясының «Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына қолқа сала бастағаны 1997 жыл екені белгілі. 2003 жылы Қазақстан Қытай жағына «Ақтөбемұнайгаз» акцияларының қалған мемлекеттік пакетін сатты. Бүгінде компанияның 85,45 пайыз акциясы СNPC уысында. Қазіргі таңда қытайлық капиталдың «Қазгермұнай» ЖШС БК, «ПетроҚазақстан» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ, «Қаражанбасмұнай» ААҚ, «Бузачи Оперейтинг Лтд» ЖШС т.б. секілді компанияларда үлесі бар. «МаңғыстауМұнайгаз» ААҚ-ның акцияларының «50 пайыз минус 2 акция» үлесін иемденетіндігі де белгілі болды.