Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам қарсы арызданбаған деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Евгений Лысенко айтты.
«Іс материалдарына видео енгізілген. Бейнекадрда түрік азаматының бірінші кеп ұрғаны айдан анық көрініп тұр. Оны ұстаған кезде де «жедел жәрдем жүргізушісі бірінші қол көтерді» деген болатын. Бірақ, видеода бәрі түсінікті деп ойлаймын. Жедел жәрдем жүргізушісіне қарсы арыз жазылған жоқ. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Қалай тергеу аяқталады, іс материалдары сотқа беріледі», - деді ол.
Еске сала кетсек, кеше Алматыда жолға таласқан азамат жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан болатын. Сол күні Алматы полициясы 1990 жылы туған Түркия азаматын, яғни Фольксваген Пассат көлігінің жүргізушісін ұстады.
13 жылдан бері жедел жәрдемде жұмыс істейтін Николай Кучма ашушаң жүргізушіні жазасыз қалдырмауға бекініп отыр.