21.09.2018, 03:02

«Абай» операсы Италияда қойылатын болды

Атақты сценограф Эцио Фриджерио мен костюм әзірлеуші Франка Скуарчапино операны көркемдеуге атсалысты. Италиялықтар Абайдың жұмыс орнынан алтын түсті орасан зор кітапхана, глобус көре алады. Соңғы көріністе 3D-технология пайдаланылады деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.

«Астана Опера» театры Италияға гастрольдік сапармен барады. Ұжым 8 және 10 қараша күндері атақты генуялық «Карло Феличе» театрының сахнасында өнер көрсетеді. Көрерменнің назарына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы, сонымен қатар Л.В.Бетховеннің №9 Симфониясы ұсынылады. Гастроль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді.

Дирижерлік пульт басында - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев.

«Абай» опералық спектаклінде басты партияны орындаушылар: Абай - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Жанат Шыбықбаев; Ажар - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Айдар - халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов; Әзім - Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев; Жиренше - Евгений Чайников, Қазыбек Досмұхамбетов; Қарлығаш - халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Малика Минизини; Көкбай - Талғат Ғалеев, Ержан Саипов; Сырттан - Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Болат Есімханов; Нарымбет - Рамзат Балакишиев, Ерулан Кәмел; Мес - Шыңғыс Расылхан, Хайдар Мұстапин.

Қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші - «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиноның керемет үйлескен шығармашылық жұбының операны жасау бойынша атқарған жұмысына көрерменнің бей-жай қалмайтыны анық. Бірегей сценография ақынның ішкі жан-дүниесін ашқандай: италиялық өнерсүйер қауым Абайдың жұмыс орнынан алтын түсті орасан зор кітапхана, глобус, армиллярды көре алады. Ал бөлменің есігі таңданған жұртшылықтың алдында айқара ашылады. Соңғы көріністе пайдаланылатын 3D-технологиясы өте орынды қосылып, шаттыққа толы әсерге бөлейді.

Дереккөз: ҚазАқпарат