ҚР Сыртқы істер министрілігі қарулы қақтығыстарға кеткен азаматтардың санына қатысты ресми мәліметті жариялады. Аталған статистика консулдық қызметкен түскен өтініштерге негізделіп отыр деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, бүгінде қарулы қақтығыстарға кеткен қазақстандықтарды және олардың туған-туыстарын қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Оларды елге қайтарудың сан алуан жолдары қаралуда. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі басқа да құзыреті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Себебі барлық ақпараттарды жан-жақты тексеру керек. «Қазіргі кезде консулдық қызмет департаментіне 20-дан астам өтініш түсті. Соның ішінде қарулы қақтығыстарға кеткен азаматтардың өздері және олардың туған-туыстары жазған өтініштер бар», - деді А.Смадияров Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, Сирияның өзінде ресми түрде 22 Қазақстан азаматы тіркелген. Олардың барлығы - консулдық қызметте тіркеуге тұрғандар. «Соның ішінде 21-і - Сирия азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақстандық қыз-келіншектер. Тағы бір адам - ер азамат. Ол жұмыс бабымен жүр. Қалған азаматтарға қатысты ақпарат жоқ. Себебі олар тіркеуге тұрмаған. Қазіргі кезде біз осы мәселемен айналысып жатырмыз», - деп атап көрсетті А.Смадияров.