26.09.2018, 11:59

Алматыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты: Түркияда бұған қандай жаза қолданады?

Анталия адвокаттар алқасының адвокаты Мехтебер Сыла Акалын Түркияда жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасаған адамға қандай жаза қолданылатыны туралы айтып берді деп жазады Tengrinews.kz.

Түрік адвокатының айтуынша, Түркияда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне жасалған шабуыл Түркия Қылмыстық кодексінің 87-бабы 1-тармағы «с» тармақшасы («Қасақана орташа деңгейдегі дене жарақатын салу») бойынша тіркеледі.

Бұл бап бойынша тағайындалатын жаза - сегіз айдан екі жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Адвокаттың айтуынша, бұрын сотталған немесе сотталмағанына байланысты сот түрмеге қамау жазасын айыппұлға ауыстыра алады.

Мехтебер Сыла Акалынның айтуына қарағанда, Түркияда барлық көліктің жүргізушісі жедел жәрдемге жол беруге міндетті.

Сонымен қатар, түрік қоғамында жасы үлкен адамға ондай шабуыл жасауға үзілді-кесілді тыйым салынған.

«Үлкен адамға ғана емес, кез келген адамға олай істеуге болмайды», - деді Мехтебер Сыла Акалын.

Еске сала кетейік, 19 қыркүйекте Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне шабуыл жасалды, кейін оның Түркия азаматы екені анықталды.