27.09.2018, 03:18

Алматыда «Жиһадшылар ісіне» қатысты сот отырысы басталды

Алматының Алмалы аудандық соты «жиһадшылар ісі» бойынша күдікті Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және Оралбек Өміровтің сотында алдын ала тыңдау басталды. Сотқа Алмалы аудандық сотының төрағасы Қуаныш Әріпов төрағалық етіп жатыр деп жазады Азаттық. 

Алдын ала тыңдауда адвокаттар журналистердің соттан бейне және аудио жазба жасауына рұқсат беруді сұрады және тағы бірнеше өтініш жасады. Сот журналистердің сотқа қатысуына рұқсат бергенімен, «процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін» аудио мен бейне жазба жасауына және суретке түсіруіне тыйым салды. Судья залда бейнекамера орнатылғанын, журналистердің өздеріне қажетті ақпаратты ала алатынын айтты.

Адвокаттар сонымен қатар судьядан сотталушыларды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Олар сонымен қатар «қылмыстық іс қолдан жасалғандықтан» және «сотталушылар іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан» істі тоқтатуды сұрады.

Сотталушылар өздерінің кінәсіз екенін және істі тергеушілер қолдан жасағанын мәлімдеді. Алмат Жұмағұлов өзінің жерді шетелдіктерге сатуға қарсы «шынайы патриот» екенін айтты. Кенжебек Әбішев отбасылық жағдайының ауыр екенін, онкологиялық сырқатқа шалдыққан әйелінің жұмысқа жарамайтынын және кәмелетке толмаған балаларын бағып-қаға алмайтынын мәлімдеді. Оралбек Өміров айыптау тарабы өзін қаралау үшін екі рет сотталғанына баса назар аударта беретінін мәлімдеді. Ол сонымен өзінің қатар екінші топтағы мүгедек екеніне байланысты соттан бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған адвокаты Айдын Табылдиевтің өтінішін қолдады.

Прокурор Дәурен Бұлғымбаев адвокаттар өтінішін қолдауға қарсы болды. Судья Қуаныш Әріпов шешім шығаруға кеңесу бөлмесіне кетті. Келесі сот отырысы 27 қыркүйекке белгіленді.