$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда 3 оқушы менингит диагнозымен ауруханаға түсті

Дерт қайтадан дендеді ме? Алматы облысында соңғы 10 күннен бері 3 оқушы менингит диагнозымен ауруханаға түскен. Сондықтан Қаскелең қаласындағы менингит шыққан Абай мектебі оқушыларының ата-аналары осы білім ошағын карантинге жабу керек дейді. Өйткені балаларының өмірі үшін алаңдаулы. Ал жұқпалы аурулар ауруханасындағы дәрігерлер бұлай дабыра жасауға себеп жоқтығын айтады деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Құсуы жиілеп, басы ауырған алтыншы сыныптың оқушысына ақ халаттылар өткен апта іріңді менингит деген диагноз қойды. Абай мектебінде білім алатын жеткіншектердің ата-аналарының қазір көңілі күпті. Карантинге жаппаса, менингит одан әрі дендеп кете ме деген үрейлері бар. Тіпті балаларын оқуға жіберуге қорқып қалған.

«Менің ойымша, карантин жариялау керек сияқты. Әлде өлімді күтіп отыр ма?», - дейді Қаскелең қаласының тұрғыны Әсем Рахымова.

Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасында Абай мектебінен түскен оқушыдан бөлек, тағы екі жеткіншек жатыр. Үшеуіне де іріңді менингит диагнозы қойылған. Дәрігерлер өмірге қатер төндіретін қауіп жоқ деп сендіріп отыр. Жалпы, жыл басынан бері бұл ауруханада 63 адам менингиттен айығып шығыпты.

«Іріңді менингит дегеніміз - ми қабаттарының қабынуы. Суық тигеннен, иммунитеттің төмендігінен пайда болады. Негізі менингиттің жұқпалы түрі. Бірақ біздің ауруханада осы іріңді менингиттен ешкім қайтыс болған жоқ», - дейді Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі Сәуле Барақбаева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары