$ 494.87  520.65  4.91

«Құрманғазыны білетініне күмәнім бар»: Белгілі күйші Арыстанбек Мұхамедиұлын масқаралады

Биыл ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы емес. Осылай деген күйші Шәміл Әбілтайдың мәдениет және спорт министрлігінің бірдеңе білетініне күмәні бар сияқты деп жазады Zhasalash.kz.

Күйшінің айтуынша, министрлік өкілдері Құрманғазының 200 жылдығына арналған тойға атсалысуын сұраған. Осыған дейін бірде-бір мәрте хабары шықпаған, аяқасты ұйымдастырғалы жатқан фестивальдің атүсті өтетіні және түсінікті. Анау-мынау емес, Құрманғазының 200 жылдығы бар мен жоқтың арасында білінбей өтіп кететін түрі бар. Өйткені қазақтың ұлыларға беретін ас пен тойы жазда өтетін. Қазір қара күз. Ендігі тойда қандай мән бар? Жылдың соңына қарай «қаржы игеру» үшін жанталаса өткізетін көп жиынның бірі болып қалатын сыңайлы. Күйші осыған күйінеді. Сосын… министр Мұхамедиұлының Құрманғазыны білетініне күмәнданады. Өйткені Құрманғазы Уикипедияда жазылып тұрғандай, 1818 жылы емес, 1823 жылы туғанын осыдан 22 жыл бұрын, 1996 жылы анықталып, арнайы құрылған мемлекеттік комиссиясы бекіткен.

Әңгімеміз осыдан басталды.

– Сіз бұл той туралы қашан білдіңіз?

– Осыдан ай жарым уақыт бұрын ғана. Мені Құрманғазы оркестрінен арнайы хабарласып, Құрманғазының 200 жылдығы өтетінін, оған менің жеке күйші ретінде қатысуым керек екенін айтты. Мен үзілді-кесілді бас тарттым. Мәселе күй тартуда емес, мәселе – Құрманғазының 200 жылдығының биыл өтейін деп отырғанында. Бұл – тарихты білмеу, Құрманғазы өміріне қатысты үлкен өрескел қателік. 1996 жылы Құрманғазының ғұмырнамасы толықтай анықталған. Оны анықтаған – Атырау облысы Құрманғазы ауданының түлегі, үлкен ақсақал, архив маманы Мақсот Жолжанов. Өмірін осы салаға арнаған кісі, көп жылдар бойы Құрманғазыны зерттеп жүріп, ақырында Астрахан қаласының архивінен күйшінің қай жылы туғанын анықтаған. Құрманғазы 1882 жылы Краснояр қаласында түрмеге отырған (түрлі себеппен бірнеше рет қамауға алынған кісі ғой). Сол 1882 жылы толтырылған құжатта Құрманғазының жасын 59 деп көрсеткен. Енді 1882-ден 59-ды алып тастасаңыз 1818 шыға ма? 1823 қой! Осы құжат негізінде 1996 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде мақала жазылып, үлкен дау туған. Ақыры Ғылым академиясынан арнайы комиссия құрылып, зерттей келе, Құрманғазының 1823 жылы туғаны ресми түрде бекітілген. Осы дерек бойынша оның қайтыс болған жылы да анықталды. Құлпытасында 73 жыл жасағаны жазылған, демек, 1896 жылы қайтыс болған. Осыған орай, 1896 жылы Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар ауылындағы күйшінің кесенесі жаңаланып, оның ашылуына президент Н.Назарбаевтың өзі қатысқан. Одан беріде 190 жылдығы өтті, бұл мерейтой да осы дерек негізінде 2013 жылы тойланды.

– Тағы бір деректерде 1806 дейді, интернеттегі ашық энсиклопедия –Уикипедия 1818 дейді. Осы цифрлар қайдан шыққан сонда?

– Бұрынғы оқымыстылар, тіпті Ахмет Жұбановтың өзі бұл архивке бармаған. Ел аузынан жинап, ауызекі деректермен шамалап есептеген. Оның үстіне ол кезде Қазақ ұлттық ғылым академиясы енді құрылғалы жатқан, бәрі асығыстау болған. Ахаң данышпан адам, оған дау жоқ, ұлттық музыканың негізін салған тұлға. Ол енді бөлек әңгіме. 1946 жылы Ұлттық ғылым академиясы құрылғанда кворум керек болған. Осыған байланысты Қаныш Сәтбаев Ахмет Жұбановқа қорғатпай, доктор атағын береді. Ол кісі былай да дайын тұрған доктор, «Замана бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі» деген мақала топтамалары шығып қойған. Одан кейін жеделдетіп академияның корреспондент-мүшесі етіп қабылдаған. Біз, әрине, мұны Жұбановтың мықтылығын дәлелдеу үшін айтқанды жақсы көреміз. Мұның екінші бір жағы бар. Бізге ол кезде қалай болғанда да Ұлттық ғылым академиясын құрып алу керек болды. Сол үшін асығыстықтар болмай қалған жоқ. Міне, сол кезде көптеген деректер архивтік құжат негізінде емес, ауызекі дерек негізінде бекітіліп кеткен. Бұл цифр содан шыққан.

– Мақсот Жолжановтың тапқан дерегі – 1818 деп отырсыз. Ол кісінің бұл туралы жазғаны, айтқаны, құжаттық дәлелдері сақталған ба?

– Сақталады ғой. Бәрі бар. Тіпті әлгі 1998 жылы 175 жылдық тойында «Құрманғазы» деген үлкен энциклопедия шықты. Сол жерде оның өмірбаяны, шығармашылығы түгелдей қамтылған. Бұл энциклопедия осы Жолжановтың еңбегіне негізделді. Бұрындары асығыстау зерттеліп, бекітілген дүниенің бәрі арнайы ғылыми кеңестің шешімімен қайта хатталды. Бұл даудың басы болған, жаңа айтқан «Құрманғазы туралы ақиқат пен аңыз» деген мақалада қалай тапты, қалай зерттеді – бәрі тұр. Осы мақаладан кейін, ол кезде Иманғали Тасмағамбетов вице-премьер, соның төрағалығымен мемлекеттік комиссия құрылды. Сондай шаруалардың ақырында Құрманғазының дұрыс, жаңа өмірбаяны бекітілген. 100 пайыз дұрыс деп тауып, жаңағы комиссия Жолжанов нұсқасын қабылдады. Бұл – үкіметтің шешімі.

– Жаңа айтқан сағанада күйшінің туған жылы қай жыл деп жазылып тұр қазір?

– Бұл сағана сол кезде салынып жатқан. Әлі бітпеген. Кейін осы мақала шығып, шу болып жатқанда ешқандай жазу жазбай, шешімді күтті. Шешім шыққан соң барып «1823-1896» деп қашап жазды. Одан беріде де ешқандай әңгіме шықпаған. Оқулыққа да енді, басқа жинақтарда да түзетіліп жазылды. 190 жылдығы да осы жыл бойынша өтті. Енді келіп мыналардың істеп отырғаны мынау.

2013 жылы Атырауда той өтті. 1000 адамдық оркестр құрылды. Орасан адам үлкен стадионда күй тартты. Мен де қатыстым. Ал биыл 195 жыл болуы керек қой? Ал министр Арыстанбек алады да, бес жылды аттап өтіп, 200 жылдығын атап өтеді. Осы ақылға сыя ма? 200 демей-ақ, 195 жылдығын атап өтеміз десе, тілімізді қышытып неміз бар? Әр бес жыл сайын емес, жыл сайын атап өтсе де қолдарында тұр ғой, Құрманғазыға қандай құрмет те көптік етпейді.

– Сізді фестивальге қатыс деп шақырыпты. Ал сіз айттыңыз ба енді, биыл 200 жыл емес деп?

– Мен қатыспаймын дедім. Өйткені бұл дұрыс дата емес. Біреу өліп-талып жүріп жаңа дерек табады, әупірімдеп жүріп бекітеді, бұлар соны елегісі келмейді. Бәрін айтып бердім.

– Министрдің өзімен сөйлестіңіз бе?

– Жоқ. Ол мені жолатпайды ғой. Өздерінің дұрыс емес екенін біледі.

Одан кейін Құрманғазы ауданының әкімімен сөйлестім. Олар да қолдап отырған жоқ. Өйткені 190 жылдығы кеше ғана өткен, 2023 жылы ғана тойлаймыз деп отыр. Ал мына министрлік қасарысып биыл өткіземіз дейді. Себебін білеміз ғой… Бұл жерде бар мәселе ақшаға келіп тіреледі. Анау күні ғана премьер ескерту жасады ғой, 11 миллиард теңге игерілмеген деп. Бұл соны осылай игермекші. Ақшаны жолын тауып бөліп алу керек болып тұр ғой. Қалай өткізетінін де білмеймін, әйтеуір, Құрманғазы оркестрін жалдап алыпты. Біз құсағандарға асып кетсе 30-40 мың теңге береді, қалғанын не қылатыны былай да белгілі. Бұл Құрманғазыны ойыншық жасау ғой, былай айтқанда. Айдаладағы Әлиевтен қорқып, бір түнде фамилиясын өзгертіп ала қойған адамнан бәрін күтуге болады. Қараңызшы, әйтпесе Назарбаев кезінде өзі барып ашты. Әдейі жасатып отыр ма сонда? Егер мына той өтсе, президент те өтірікші болады, ғалымдар да өтірікші болады. Ел не дейді? Өзін қолдап отырған президентті өтірікші қылып шығарып отырған министрге қалай сенуге болады?

– Сонда бұл той Құрманғазы ауданының қатысуынсыз өтейін деп отыр ма?

-Иә. Құрманғазы ауданы қазір ауданның 90 жылдығын өткізейін деп жатыр. Олар араласпаймыз деп отыр. Айтып отырмын ғой, ешкім білмейді. Білсе осы министрлікке қарайтын адамдар, әр облыстағы өнер ұжымдары білетін шығар, қалған ел хабарсыз. Ең сорақысы – Құрманғазының тойын «для галочки» өткізе салайын деп отыр ғой бұлар. Керек болса дүниежүзі тойлау керек қой Құрманғазының тойын. Ал біздің министр Құрманғазыны ойыншық қылып отыр.

-Сонда сіз бұл мәселе бойынша кіммен сөйлестіңіз?

-Гүлзат деген қыз. Оркестрдің ресми өкілі. Бұлар министрлікке айтқан. Қарсы деп. Мен ғана емес, тағы Жарқын Шәкәрім бар, қарсы болып отырған. Сөйтсе, бұлар сыртынан мазақ қылыпты, «бұлар кім, Ахмет Жұбановтан әулие ме?!» деп.

Ахметтен әулие емеспіз, бірақ ол кісі келтірген кейбір мәліметтер де жаңағыдай асығыстықта негізсіз болып шығады. Құрманғазының «Балқаймақ» деген күйі бар. Ахмет Жұбановтың жазуынша, күйдің шығу тарихы керемет. Құрманғазы шөлдеп келе жатқанда бір байдың қызы түйенің сүтімен балдай қылып шай беріпті деп келеді. Келістіріп жазады, оқығанда еріп кете жаздайсың. Ал, бірақ, осы күйдің шығу тарихына байланысты тағы бір дерек бар. Сөйтсе, бұл «Балқаймақ» емес, «Бай қалмақ» екен. Сәрәнжап деген қалмақтың байымен дос болған Құрманғазы. Соған арнапты дейді. «Сәрәнжап» деген де күйі бар. Сол әріптік үндестікпен «балқаймақ» болып кеткен. Жолжанов тек туған жылын ғана емес, осындай да жаңа деректер тапты. Мұндай нәрселер әлі айтылады, зерттеледі.

-Биыл 200 жыл емес деген мәселені көтеріп, тағы басқа біреулерге ескерттіңіз бе?

-Мен президент Н.Назарбаевқа хат жаздым. Қолмен жазылған. Жеке өзінің атына. Бұған дейін де бірнеше рет жазғам. Әрісі – 10, берісі жеті күнде жауап келетін. Ал бұл жолы 20 күн өтті, ешқандай жауап жоқ. Кейін бір жігіттер: «Сіздің хатыңыз президентке жеткен жоқ, сіз ол хатты мемлекеттік хатшыға жолдаңыз», – деп ақыл қосты. Дұрыс екен деп, мемлекеттік хатшыға жіберу үшін кімге жіберерімді білмей, мемлекеттік хатшының адамдарына хабарластым. Сөйтсем, олар менің хатым туралы біліп отыр екен. Президент мемлекеттік хатшыға жіберіпті, мемлекеттік хатшы мәдениет және спорт министріне жолдаған. Содан кейін болса керек, мәселе әзірге басылып қалғаны. Мен енді жауапты президенттен емес, министрліктен күтуім керек екен.

Осылай бір-біріне сілтенген хатқа жауап болмаған соң, бір жігіттердің кеңесімен жағдайды ел білсін, жазса тек «Жас Алаш» жазады деп келіп отырмын.

-Сонда президентке жолдаған хатыңызды «қабылдап алдық» деп те жауап келген жоқ па?

-Келген жоқ. Естігенім жаңағы нәрсе. Рас-өтірігін білмеймін, бейресми ақпар осы.

-Хатта не айтып едіңіз?

-Осы мәселе ғой бастан-аяқ. Мәдениет және спорт министрлігінің менің ескертпеме үзілді-кесілді қарсы болып отырғанын жаздым. Құрманғазының мемлекет қабылдаған нақты ғұмырбаяндық анықтамасын аттап өтіп, өздігінен, білместікпен шешім қабылдаған бұл әрекеті кімді де болса қынжылтады. Сол себепті Құрманғазының 200 жылдық мерейтойы өз уақытында аталып өтуге тиіс.

-Редакциямызға келіп, пікіріңізді білдіргеніңізге рақмет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары