Жаңалықтар 29.09.2018 сағат 04:31  1020

14 жасында зорланған қыз ұлын «Аналар үйінде» бағып отыр

Қазіргі уақытта Қазақстанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭДҰ) елдерімен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы босану коэффициенті алты еседей көп болып отыр. 2015 жылы 15-19 жастағы қыздардың 36-сы ана атанды деп жазады Baribar.kz.

14 жасында зорланған қыз ұлын «Аналар үйінде» бағып отыр
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

9 жасында анасы дүниеден өтті. Маңдайына жазылған ауыр тағдырдан соң 14 жасында өзі ана болуға дайындалып жүрді.

Әлия (есімі өзгертілген) өзгелер тәрізді балалық шағын жиі еске алғысы келмейді. 3-сынып оқып жүргенде анасы дүниеден қайтты. Аға-әпкесі Әлияның кішкентай кезінде мектеп бітіріп, қалаға кетті. Қасында тек жанашыр әкесі қалды. Алайда ол күн ұзаққа жұмысқа кетіп, үйге кеш оралатын.

Уақыт сырғып, Әлия да бой жете бастады. Тең құрбыларымен бірге ойнап-күлгенді ол да ұнататын. Бірде мектеп оқушыларына би кеші ұйымдастырылды. Сыныптас ағасымен бірге Әлия да сол кешке баруды құп көрді. Бірақ бұл күн оның өмірін мүлде басқа арнаға бұратынын ешкім де сезбеген еді.

Ағам екеуіміз мектептен қайтып келе жаттық. Артымыздан бір машина баяу ізімізге түсті. Бір кезде белгі бере бастады. Қасымда ағам болғаннан кейін аса қорықпадым. Бірақ көліктегі адамның белгісі бізге бағытталғаны түсінікті еді. Кенет тоқтады да, мені бірден көлікке салып ала жөнелді. Ауылдан алыстап кеттік. Ол кезде не сезінгенімді қазір еске түсіргім келмейді. Бір уақытта көрші ауылда екенімді түсіндім. Мені күшпен бір үйге кіргізді. Ол жерде бірнеше ер адам күтіп отырды…

Біреуге жай әңгіме, біреуге күнде жаңалықтан еститін “жаға ұстатқан” ақпарат. Бірақ бұл – небәрі 14 жастағы қызды қорлыққа берген қазақ ауылындағы оқиға. Әлия қорыққаннан ешкімге тіс жармады. Сырласатын әпкесі алыста. Жабулы қазан сол күйінде қала бермек еді. Бірақ…

Мектепте әдеттегідей қыздарды медициналық тексеруден өткізу басталды. Бір жамандықтың басталатынын ішім сезгендей еді. Сабақта отырғанымда мектеп басшылығы жеке кабинетке шақырып алды. Сараптама аяғым ауыр екенін көрсетіпті. “Бұл менің сараптамам емес, басқа біреумен шатастырған боларсыздар” деп ештеңені білдіртпеуге тырыстым. Қаладан әпкемді шақыртты. Ол өзімен сынама алып келген екен. Үш рет тексердік. Оң нәтиже көрсетіп тұрды. Мені бірден қалаға алып кетті. Кейін білдім, баланы алдырып тастау үшін мектеп басшылығы бізге ақша берген екен. Нағашым гинеколог болатын. Ол менің жасымда түсік жасату аса қауіпті екенін айтты.

Әлия туғанының қасына келген соң болған оқиғаны өксікпен айтып береді. Бұдан соң әпке-жездесі бар шындықты туыстарға, әкесіне айту керек екенін түсінеді. Жаман хабарды ауыр қабылдаса да, Әлияның әкесі баланы алдырмау керегін кесіп айтып, жиенін бауырына басатынын жеткізеді. Бірақ Әлияның ауылға қайтып барғысы келмеді.

Қиянатқа ұшырағанымды білген соң әкем қасында болуын өтінді. Бірақ ішім білінгеннен кейін қалай әкемнің алдында жүре аламын? Бөпем болғанда оны қалай көз алдында әлдилеп отырамын? Одан да бәрінің көзінен тасада болайын!.. Бұл шешімімді ол жөн санады. Жақындарымыз “Ана үйі” бар екенін айтты. Әпкем мені осында алып келді. Сан түрлі тағдыр болса да, мұндағы қыздардың уайымы бір. Бәрі баласын жеткізіп алғысы келеді. Мен де ішімдегі төрт айлық баламен осыны көздедім. 15 жасымда қолыма сәбиімді алдым. Енді мен жалғыз емеспін.

Әлияның “Ана үйінің” тұрғынына айналғанына биыл – үшінші жыл. Ерәли де қаз басып, мұндағы балалармен қатар өсіп келеді. Анасы – колледждің 3-курс студенті. Сабаққа барып келгенше оны басқа қыздар қарай тұрады. Басқа да шаруаларымен қалаға шықса, Ерәлиді сеніп тапсыруға болатын жас аналар, туғанындай болып кеткен құрбылары бар.

“Мама” деп алдымнан жүгіріп шыққанда қалай қуанатынымды тек аналар түсінетін шығар. Ұлымның әкесі тәрізді жаман іске барғанын қаламаймын. Оның тәрбиелі, ізетті болып өсуі үшін қолымнан келгенін істеймін. “Ана үйіне” көмектесетін меценаттар тәрізді қайырымды болса екен деймін. Оларды туған, тәрбиелеген аналардай болғым келеді. Адамдар басты байлық адамгершілік, дұрыс тәрбие екенін дәл мен тәрізді түсінсе ғой. Бұлар болмаса, адамда сүйкім де болмайды екен. Басымнан өткен оқиғадан кейін ер адамның бәрі жау сияқты көрінді, олардан әлі қорқамын. Осы уақытқа дейін сол қорқынышты түнді ойламауым үшін, еске түсірмеуім үшін қалай қиналып келгенімді білмейсіздер. Білмей өтсеңіздер екен.

Әлиямен сырласқанымызда ол басынан өткенін сабырмен айтып шықты. Оның сыныптастары биыл ғана мектеп бітірді. Ал Әлия өмір мектебін көрді. Қатарластары сияқты емес, өмірге әлдеқайда ересек көзқараспен қарайды. Жарты жыл бойы психологтың бақылауында болды, тағдырластарымен бірге ұлын өсіріп келеді. Кәмелет жасына толғаннан кейін баласына алимент алдыртуды қалайды. Кінәлілер анықталса да, түсініксіз жағдаймен жабылып қалған сот ісін қайта қозғалтқысы келеді.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар