Әлеуметтік педагог дегеніміз кім? Әлеуметтік ортада балалар тәрбиесімен айналысатын маман ба, әлде әлі жетпей жатса өз ұлына болысып, басқаның баласын сабай салатын адам ба?! Алматыдағы номері 146-ы мектептің әлеуметтік педагогы отбасымен бірге баламның басын жарып күш көрсетті деген ата-ана тез арада аталмыш ұстаздың жұмыстан кетуін талап етіп отыр. 14-тегі оқушыға шынымен де жұдырық жұмсалды ма?!
Евгенияның 29 қыркүйек күні мектепке кеткен баласы ауруханадан бірақ шығыпты. Айтуынша, мектептегі әлеуметтік педагогтың ұлы мен баласы ватсап желісі арқылы сөзге келіп қалған. Мәселені біліп қойған мектеп басшылығы Евгенияның үлкен ұлы Арнұрды сөйлесуге шақырған. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен әңгімелескеннен кейін сыныбына қайтып келе жатқан Арнұр Мақсатұлын әлеуметтік педагог өзінің жолдасы, қызы және осы мектепте оқитын ұлымен бірге дәлізде күтіп алып, соққығы жықты дейді Евгения. Ал Арнұрға жедел жәрдем шақырғанның орнына мектеп ұжымы жағдайды өз беттерінше шешпекші болған көрінеді.
ЕВГЕНИЯ ҚОЖАЛЫМОВА, Арнұр Мақсаттың анасы:
– Не оказали ребенку никакой помощи. Когда мы сказали что мы будем обращаться в полицию нас не выпускали из школы. Запрещали нам выходить.
Арнұрдың төбелестен кейін ауырып тұрғанын мектептегі ұстазы актерлікке балады дейді Евгения. Алайда Арнұр шынымен де бас ми жарақатын алып ауруханада әлі жатыр.
ДІНМҰХАМЕД РУЗУДДИНОВ, дәрігер:
– Жабық бас миының жарақаты, бас миының соғылуы. Бетінде мойын аймағында кішкентай жаралар бар.
Ал, әлеуметтік педагог Шынар Ілиясқызы сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Тіпті оқушы соққыға жығылды деген жерде тағы да Арнұрдың ата-анасымен сөзге келіп қалды.
Мектеп басшылығы болса бұл мәселенің ақ қарасын тек құзырлы мекемелер ғана шешеді деп қысқа қайырды.
ЖАНАТ САТОВА, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Сенбі күні мұндай жайсыз жағдайдың болғаны рас. Мұнымен қазір құқық қорғау орындары айналысып жатыр. Енді мектеп тарапынан біз де арнайы әділ шешім қабылдаймыз.
Мектеп ұжымынан бастап, полицияға дейін бізді дұрыс тыңдамады деген Арнұрдың ата-анасы бұл жағдайды жылы жабыла салғанын қаламайды. Істің сотқа дейін жетіп, кінәлілердің жазалануын сұрап отыр.
Ерқанат Көпжасар, Данияр Жүсіпов
Дереккөз: 31 арна