Халықаралық Қарттар күніне орай елорданың 78 мыңға жуық зейнеткеріне 6 013 теңге көлемінде бір жолғы ақшалай көмек көрсетіледі деп жазады Астана әкімдігінің сайты.
Астана қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы аға буын өкілдеріне біржолғы көмекті жергілікті бюджет есебінен береді.
«Қарттар күніне орай 78 мың зейнеткерге 6 013 теңге (2,5 АЕК) көлемінде бір жолғы материалдық көмек көрсетіледі. Бұл күні олар қаладағы барлық жолаушылар көлігімен тегін жүре алады. Сондай-ақ, зейнеткерлерге тегін тіс протездеу қызметі көрсетіледі», - делінген басқарманың ресми хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, зейнеткерлерге тұрақты түрде Қарттар, мүгедектер және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығында шипажай-курорттық ем алу үшін әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Бұл орталық Бурабайдағы Қатаркөл жағасында орналасқан.
«Жыл басынан бері 4 мыңға жуық адам шипажайда ем қабылдаған, соның ішінде 1,7 мың зейнеткер, 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар», - делінген хабарламада