Түркістан облысынан тағы бір даудың шеті шықты. 13 жастағы оқушы өзін жоғары сынып оқушыларының зорлағанын айтты деп хабарлайды КТК телеарнасы.
«Жатқызып қойып, дамбалымды шешті. Бағлан бірінші істеді, сосын екіншісі Жасұлан кереуетіне жатқызып істеді. Айқайладым, ешкім естімеді. Коридорға шығып айқайлайын деп едім, ұрып тастады. Айтатын болсаң, быт-шытыңды шығарам деді кейін. Содан айтпай жүрдім», – дейді оқушы.
Айтуынша, олар өзімен жасты бала мен оның 15 жастағы ағасы. Шайханада 11 жылдық мектеп болмаған соң Жылға ауылындағы мектеп-интернатта оқиды. Ал, жәбір көрген оқушыны анасы өзіне кінәлі тарап пен мектеп басшылғының ақша ұсынғанын айтты.
«Ойбай, ауылдаспыз ғой, көршілеспіз, ұят болады деді интернаттың меңгерушісі мен мектеп директоры. «Қанша берейік? Осы істі жаба салайық? Бәріміз қазақпыз ғой? Неменеге жан-жаққа жаясың? Жайма!» дейді. Менің баламның өмірі ғой деп ұрыстым оларға», – дейді баланың анасы Алтынкүл Арапова.
Зорлық оқиғасы былтырғы қыркүйектен басталған. Бала тәрбиеші ағайына айтқан. Алайда ол арыз жазылған күннің ертесі жұмысынан шығып кеткен.
«Жан жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Ондай жағдай болу мүмкін емес деп бір бөлмеде жатқан оқушылардың өздері айтып жатыр. Ата-анасымен сөйлестік. Бітімгершілікке шақырдық. Екі жақты табыстыруға бір әрекет жасап көрдік. Бұл іспен қазір полиция айналысып жатыр», – дейді №12 Сәкен Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің директоры Талғат Ахметов.
Ал, даулы оқиғадан соң да интернатта тәрбиешілер үш баланы тағы бірге жатқызған. Жәбір көрген бала үлкен дәретін ұстай алмайтындай күйге жетті. Дәрігерлер оның тік ішегіне жара барын айтты.
Оқушы бұл туралы анасына да, ағасына да айтпай келіпті. Тек балалардың бірі азғын әрекетін суретке түсіріп жариялаған соң ғана амалсыз айтуға тура келген.
«Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша, ол «сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер», сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Осы оқиғаның мән-жайы полиция қызметкерлерімен анықталуда», – дейді Түркістан облыстық ІІД ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Тыр жалаңаш суреті оқушылар арасында тарап кеткендіктен жәбірленуші енді сабаққа да бара алмай отыр.