Алматыда тақта алдында оқушының бетінен ұрып, шымшыған интернат тәрбиешісі қызметінен қуылды деп жазады Тengrinews.kz.
Оқиға 1 қазанда Алматыдағы №10 жалпы білім беретін отбасылық жағдайы төмен оқушыларға арналған мектеп-интернатында болған. Тәрбиеші үш оқушыны тақтаға шығарып, оларды барлық баланың көзінше ұрысқан. Тіпті біреуін бетінен ұрып, шымшыған.
«Бұл оқиға жайында мектеп директоры кеше біліп, шұғыл шара қолданған. Оқушыны ұрған тәрбиеші бірден қызметінен қуылды. Әйел өзінің кінәсін мойындады. Ал оқушының ата-анасы бұған қатысты ешнәрсе айтпады. Дегенмен бұл назардан тыс қалады дегенді білдірмейді. Осы жағдайдан кейін білім басқармасы барлық интернаттарда жиналыс өткізіп жатыр», – деді Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова.
Айта кетсек, №10 мектеп-интернаты Алматы қаласындағы отбасылық жағдайы төмен оқушыларды оқытатын екінші мекеме. Білім ошағында 200 бала оқиды.