Петропавл қаласының тәртіп сақшылары із-түзсіз жоғалып кеткен қызды тауып алып, туған-туыстарына тапсырды деп жазады ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 16 жастағы қызға іздеу салынған. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес, Петропавлда Кристина Масленникова 6 қазан күні үйінен шығып кеткен.
«Сейсенбі күні таңертең іздеуде болған қыздың қайда екені анықталды. Қазіргі уақытта ол туған-туыстарымен қауышты. Істің мән-жайы анықталу үстінде», - деп хабарлады бүгін СҚО ІІД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, биылғы күзде Петропавлда бұған дейін де бірнеше рет жасөспірімдер жоғалған болатын. Жуырда ғана полицейлер бір күнде хабар-ошарсыз кеткен үш жеткіншекке іздеу салды. Қыркүйекте тәртіп сақшылары бес күн бойы туыстарымен байланыспай жүрген 17 жастағы студент қызды қайтарған еді.