Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев білім берудің жаңартылған бағдарламасы, мектеп оқулықтарының салмағы мен электронды журналдарды енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді деп жазады Tengrinews.kz.
«Білім берудің жаңартылған бағдарламасы бойынша көптеген сұрақ туындап жатыр, сондай-ақ, балалардың сөмкелерінің салмағына қатысты сұрақтар көп», - деді премьер-министр үкімет отырысы барысында.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, оқушылардың 70 пайызы жаңартылған бағдарлама бойынша оқиды.
«Бұл мәселе толықтай шешілді, ата-аналар тарапынан да қолдау бар. Мұғалімдер осы мәселемен айналысып жатыр, бір жылдан соң барлығы өз орнына келеді. Мектеп сөмкелерінің салмағы жайлы. Биыл біз алғаш рет оқулықтардың қандай қағаздардан жасалатыны, олардың көлемі жайлы талқыладық. Осы ретте мәселені шешу мақсатында қажетті өзгертулер енгіздік. Арнайы шкафтарды қою керек. Балаларға сөмкелерін қалдырып кетуге болатындай. Сондай-ақ, тағы бір мәселе - электронды оқулықтарды енгізу. Оған қатысты жұмыстар басталды, балалардың кейбіреулері сол оқулықтармен оқып жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша барлығы электронды журналдармен толық қамтамасыз етіледі» , - деді министр.
Осы ретте Үкімет басшысы мектеп оқулықтары үшін министрді сынға алды.
«Бұл кітаптарды кім шығарады? Олар өте ауыр ғой. Электронды оқулықтар жайлы айтып жатырмын. Бастауыш сыныптардағы балаларға ол өте ауыр. Бастапқыда осы мәселені шешуіміз тиіс, ал қағаз мәселесін кейін қарастырамыз. Жеңіл кітаптармен қамтамасыз ету керек, кейін ғана жаңа стандарттарға көшу қажет», - деді Сағынтаев.