Германиядағы Эрланген-Нюрнберг Университетінің мамандары сыраның құрамындағы екі заттың адам ағзасына пайдалы әсер ететінін анықтады. Зерттеу нәтижесі білім ордасының сайтында хабарланған.
Бұл жерде сыраның құрамындағы ксантогумол және изо-альфа-ащы қышқылдар туралы сөз болып отыр.
Профессор Клаус Хеллербранд басқаратын сарапшылар тобы анықтағандай, ксантогумол артық салмақ пен дұрыс тамақтанбау салдарынан бауырды май басып кетуінің алдын алады, сонымен бірге осы органда тыртықтардың пайда болуына кедергі жасайды. Бұдан бөлек, мамандар зерттегендей, осы зат бауырдағы рак жасушаларын жойып, адамды семіздіктен сақтайды.
Өз кезегінде, изо-альфа-ащы қышқылдар бауырдың бұзылуынан сақтап, глюкоза алмасуы мен майлар метаболизміне әсерін тигізеді.
Бұл заттарды семіздік, диабет пен ракқа қарсы күресте қалай пайдалануға болатынын әрі қарай зерттеу жасап анықтау керек.
Алайда сыраның құрамында ішімдік болғандықтан, адам ағзасына жағымды әсер ету үшін алкогольсіз сыра ішу керек деп түйіндеді ғалымдар.
Бұдан бұрын, итальян ғалымдары анықтағандай, күніне жарты литр сыра ішу жүрек қызметін жақсартады, өйткені антиоксиданттар, фосфор, йод, магний және калийге бай.
Дереккөз: Sputniknews.kz