24.08.2015, 11:35

Баймағанбетов өзі туралы ақпар таратқан БАҚ-ты сотқа бермек

kapital.kz

ІІМ экс-басшысы, Қазақстанның Кеден комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетов Қарағандыдағы колонияда жалаңаш күйде еден жууға мәжбүрлегені туралы ақпар таратқан БАҚ-ты сотқа бермек.

Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Қарағанды облысы Шахтинск қаласының сотында АК 159/6 колониясының қызметкеріне қатысты сот отырысы өтуде. Қызметкер Кеден комитетінің экс-басшысы Серік Баймағанбетовке жәбір көрсетті деп айыпталуда.

Зардап шегушінің айтуынша, оны колониядағы жедел қызметкер Руслан Поповьян “тірі дәлізбен” өтуге мәжбүрлеген. Оның сөзіне сенсек, мұндай “дәлізде” колонияның сапқа тізілген адамдары оны кезекпен соққыға алған.

Баймағанбетов карантиндік орында Поповьянның оны жалаңаш күйде еден жууға мәжбүрлеуге тырысқанын алға тартты.

“БАҚ-та тергеу материалдарындағы ақпарды дұрыс жеткізбеген. Мен жалаңаш күйде еден жуған емеспін. Поповьян мені солай істеуге мәжбүрлемек болды. Бұл олардың тұтқынды өздеріне бағынышты етуге бағытталған рәсімдері. Алайда мен бағынбадым”, – дейді Баймағанбетов.

Осыған байланысты, еденді жалаңаш күйде жуды деп ақпар таратқан БАҚ-ты Баймағанбетов сотқа бермек.

Руслан Поповьян тағылған айыптарға келіспейді. Оның айтуынша, Серік Баймағанбетов бұрынғы шенді адам ретінде өз байланыстарын қосып, оны соттамақ ниетте.

Ол бұрынғы шенеунікті колонияда медициналық қызметкерлер тексергенде, ешқандай дене жарақаттарын таппағанын алға тартты.

“Тұтқын Баймағанбетов келді. Бұрынғы министр (Ішікі істер министрі). Ондай VIP адамды жәбірлейтіндей қаншалықты ақымақ болуымыз керек?”, – дейді Руслан Поповьян.

Аталмыш іске қатысты шешім 27 тамызда шығатын болады.

Бұған дейін айыптаушы тарап колония қызметкерін үш жылға соттауды сұрап отырғаны хабарланған болатын.