Қырғызстанда он жасар бала ата-анасы асырап алғанын білгеннен кейін үйден кетіп қалған. Бұл туралы «Жауапты ата-аналар мектебінің» жетекшісі Антон Путилин Sputnik Қырғызстанға берген сұхбатында айтты.
Антон 23 жасында әке болған: әйелі екеуі алғаш рет тоғыз жасар қызды асырап алыпты. Қазір Путилиндер отбасында бес бала бар, Ульяна оның біреуін ғана өзі босанған. Жас ата-анаға өзгенің баласын бауырына басу оңай соқпапты: мәселен, бір қыз күйзелістен ұзақ уақыт қалпына келе алмай жүрген. Дегенмен қиындықтың бәрі артта қалды. Бүгінде Антон Путилин басқаратын «Жауапты ата-аналар мектебі» қырғызстандықтарға өзгенің баласын қалай өзіңдікі қылудың жолдарын үйретеді.
Антонның айтуынша, ең алдымен баладан оны асырап алғаныңды жасырмау керек. Оның соңы жақсылыққа әкелмейді.
«Бала шындықты бір күні болмаса бір күні біледі! Айталық, ата-анасының сөзін кездейсоқ естіп қойып жатады. Немесе әжесі ашу үстінде айтып салуы мүмкін… Мынадай бір оқиға болды. Бала ерекше түс көріп, ата-анасын сұрақтың астына алған. Олар әлденені бір айтып отырып, ақырында бәрін мойындауға шешім қабылдайды. Содан кейін он жасар бала заттарын сөмкеге салып, үйден кетіп қалған. Қазір ол интернатта тұрып жатыр, енді ешбір отбасында тәрбиеленгісі келмейді», – дейді ол. Дереккөз: Sputniknews.kz