Қызылорда облысы Тасбөгет кентінің тұрғындары жігіті басын кесіп алған қыз туралы шындықты айтып берді деп жазады Newtimes.kz.
Бұл оқиғадан екі күннен кейін ауыл әкімдігі орталық көшеге жарық орналастырған. Марқұм болған қыз осы көшеден кейінгі үйде тұрған. 10 қазанда тура осы аймақта Nexia автокөлігінен жаралы ер адам мен бассыз қыздың денесі табылды.
Марқұмның көршісінің айтуынша, жігіт қызға үйленгісі келген. Алайда, қыздың жақындарынан еш қолдау көрмепті.
«Біздің естуімізше, қыздың туыстары оның сол жігітке тұрмысқа шығуына қарсы болған. Бірақ өлтіріп несі бар еді? Болған оқиғадан кейін біз де есімізді жия алмай жүрміз. Егер қызды алып қашып кеткенінде, оған ата-анасы ешнәрсе дей алмайтын еді ғой», – дейді әйел.
Айтуынша, ол сол күні бірнеше сағат бұрын ғана жігіт пен қыздың сөйлесіп тұрғанын көрген екен.
Тасбөгет кентінің тұрғындары қыздың ауылдың шет жағында Батыршаев көшесіндегі үйде тұрғанын айтады. Қайтыс болған қыз полицияда жұмыс істейтін үлкен ағасының үйінде тіркеуде болған екен.
Көршілерінің айтуынша, қыз бірнеше ай бұрын ғана Ақтөбедегі медициналық университетті бітіріп келген. Облыстық медициналық орталықта жұмыс істепті. Тасбөгет ауылының тұрғындары қыздың тәрбиелі және әдепті болғанын айтуда.
Ал жігіт мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтында жұмыс істеген. Ол қыздың үйіне келіп-кетіп жүріпті. Ер азамат Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ата-анасы сол жақта тұратын көрінеді.
Еске салсақ, 12 қазанда әлеуметтік желілерде Қызылорда облысында болған жантүршігерлік оқиға туралы ақпарат тараған болатын. 10 қазан күні Сырдария өзенінің жағасында орналасқан Тасбөгет кентінде Nexia автокөлігінен жаралы ер азамат пен басы кесілген қыздың денесі табылған.